Атырау, 16 қазан 15:26
 ашықВ Атырау +12
$ 487.42
€ 531.39
₽ 5.04

Атырауда «Динада» жұдырық ала жүгірген адамның соты басталды

Сурет Бейнежазба
167 просмотра

15 қазанда №2 Атырау қалалық сотында жаз басында «Дина» базарында кісі қолынан қаза тапқан Амандық Сағынғалиевтың өліміне қатысты ашық сот отырысы басталды. Айыпталушы мен оның құқығын қорғаушылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өздерін түсіруге қарсылық танытқанымен судья Зәуре Қазақбай фото-видео түсіруге тыйым салған жоқ.

Оқиға 5 маусым күні болған. Марқұм базарға зат алуға келген. Ол «Газель» жүк көлігін қойып жатқанда жанында тұрған «Mercedes-Benz» маркалы көлігінің есігін байқамай сырып кетеді. Осы кезде ашуға мінген көліктің иесі Сағынғалиевты аяусыз соққыға жығып, оған ауыр дене жарақатын салады. Сағынғалиев облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, бес күннен соң, 10 маусымда есін жимастан көз жұмды. Оның жасы 56-да болатын. Артында үш ұл, бір қызы қалды. Өзі отбасымен бірге Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында тұрған. Ауылда мал ұстап, дүкен ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысқан.

Марқұмның өліміне кінәлі деп айыпталып отырған 39 жастағы Мұхтар АХМЕДОВ та отбасылы. Бес баласы бар. Бәрі де кәмелет жасына толмаған. Үлкені 17-де болса, кенжесі 2 жаста. Өзі «Ризық» шаруа қожалығының директоры болып жұмыс істейді. Оған 6 маусымнан бері күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Оның марқұмға қол жұмсап, басынан бірнеше рет ұрғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бұл бейнежазба маусымда әлеуметтік желіде де тарап, қоғамда резонанс туғызды.

Соттың алғашқы отырысы шағын залда өтті. Залға жәбірленушінің туыстары көп жиналған. Залға сыймағандары сот барысын есіктің сыртынан тыңдап тұруға мәжбүр болды.

Сотта мемлекеттік айыптаушы болып қатысып отырған Атырау қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Нұрболат РЗАБЕК айыптау актісін оқыды. Айыпталушы Ахмедовке ҚР қылмыстық кодексінің 106-бабының  3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірумен абайсызда жәбірленуші өліміне әкеп соққан») бойынша айып тағылған.

Ахмедов айыптау актісімен ішінара келісетінін мойындады. Оның құқығын екі адвокатпен бірге бауыры қорғап жатыр. Ал жәбірленуші өкілдері болып марқұмның әйелі Фарида ТАБЫЛДИЕВА мен ұлы Нартай АМАНДЫҚҰЛЫ қатысты. Олардың құқығын адвокат Айбар ҚОСЫМБАЕВ қорғайды.

Прокурор айыптау актісін оқып жатып, айыпталушының ауыр санаттағы қасақана қылмыс жасаған деп, әрі қарай оқиғаның мән-жайын баяндады. Оның сөзінше, айыпталушы Ахмедовазық-түлік сатып алу үшін Атыраудағы «Дина» сауда базарының көтерме заттарды сататын қойма алдына «Mercedes-Benz» көлігін қойған. Осы кезде сатып алған заттарын тиеп жатқанда марқұм Сағынғалиев «Газель» жүк көлігін қоятын орын таба алмай, енді тоқтай бергенде Ахмедовтың көлігінің есігін байқамай майыстырып алады. Көлігіне зақым келгеніне ашуланған Ахмедов қолындағы жұмыртқа қорабынан бір данасын алып, Сағынғалиев көлігіне қарай лақтырады. Мұнысын түсінбеген Сағынғалиев көлігінен түсіп, сыртқа шығады. Осы кезде Ахмедов оны соққыға жығады.

- Оқиғаның мән-жайын түсіндіруге мүмкінлдік бермей Сағынғалиевтің өзіне қарсы тұра алмайтынын және оның физикалық тұрғыда одан басым екенін түсініп, денсаулығына ауыр дәрежедегі жарақат келтіру арқылы болған оқиғаның есесін алуға бекінген. Ахмедов көздеген қылмыстық құқықбұзышылық пиғылын жүзеге асыру мақсатында Сағынғалиевке оқиғаныңмән-жайын талқылауға мүмкіндік берместен Сағынғалиевтің сол жақ бас және бет сүйегі аймағынан үздіксіз төрт рет, иек аймағы астынан жоғары қарай екі рет, сол жақ бас және бет сүйегі аймағынан екімәрте бар күш-жігерімен жаппай соққылар жасап, өзінің оң жақ қолымен Сағынғалиевтің желкесінен ұстап тартып, автокөлік тұрған жаққа қарай жұлқылап әкеліп, өзінің  оң жақ қолының жұдырығымен Сағынғалиевтың сол жақ бас және бет сүйегі аймағынан бір рет қатты соққы жасаған. Соққы салдарынан Сағынғалиев жерге құлап, отырып қалып қайта тұрғансәтте, оны желкесінен ұстап жұлқылаған. Одан әрі Ахмедов Сағынғавлиевке қатысты жасалған жаппай соққыларының салдарынан оның құламағынын көріп, оң жақ бас және бет сүйегі аймағынан сол жақ қолының жұмылған жұдырығымен бір рет қатты соққы жасап, дене жарақаттарын келтірген. Бұл қатты соққы салдарынанСағынғалиев есін жоғалтып жерге құлаған. Осы сәтте Ахмедов көлігіне қарай кетеді, - дейді прокурор айыптау актісінде.

Санап қарасақ, барлығы тоғыз соққы.

Осы оқиғаға куә болған Сұлтанбек Жұматаев марқұм Сағынғалиевты орнына тұрғызбақ болады, бірақ тұрғыза алмайды. Сағынғалиев есін жимаған күйі жатады. Бұдан кейін Ахмедов ес-түссіз жерде жатқан Сағынғалиевтің оң жақ қолынан, куә Жұматаев сол жақ қолынан ұстап көтеріп, қойма алдында жинаулы тұрған қораптарға қарай сүйреп апарып, сүйеп отырғызған. Кейін Сағынғалиев жедел жәрдем автокөлігімен ауруханаға жеткізіледі.

Прокурордың сөзінше, сот-медициналық сараптама да Сағынғалиевтің ауруханада жансақтау бөліміндегі өлімі жабық бас-ми жарақаты салдарынан болғанын, бас сүйектері жарылып, миына қан құйылғанынан болғанын көрсетті деп отыр.

Келесі сот отырысы 30 қазанға белгіленді. Судья З.Қазақбай сотқа қатысушылардың көп екенін ескеріп, келесі сот отырысын басқа сот ғимаратының кең залында өтетінін айтты. Онда алдымен куәлердан, кейін сарапшылардан, одан соң жәбірленушілерден және сотталушыдан жауап алынады.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

Бүгін, 12:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.