Қазір Атырау қаласы мен ауылдарында көшедегі шөптерді шабу науқаны жүріп жатыр. Осы жұмысқа жыл сайын мыңдаған адам күші мен техника жұмылдырылады.
Атыраулық кәсіпкер Бағытжан ДОСАНОВ бір өзі 15-20 адамның орнына шөп шауып, қызмет жасайтын техниканы қытайдан алып келіп, қызығын көруде. Техниканың ерекшелігі жазда шөп шапса, қыста қар күрейтін қызмет атқарады.
- Өзім жеке кәсіппен айналысамын. Биыл алғаш рет тендерден Кеңөзек, Алғабас елді-мекеніндегі армашөптерді шабу жұмыстарын ұтып алдым. Жұмысты жаз айында бастап, бастапқыда жұмысшы жалдап «триммер» аппаратымен шауып жүрдік. Бірақ кейін қаржының барлығы жұмысшы жалдауға кетіп жатқанын түсіндім. Екіншіден күн ыссыда шөп шауып жұмыс істейтін тұрақты қызметкерлер табу қиын болды. Мигранттардың өзі 150 мың теңгеден аз ақша сұрамайды. Сөйтіп интернеттегі қытай зауыттарынан осы техниканы тауып, Қытайға арнайы барып алып келдім. Арнайы барған себебім, біздің жақтың қалың шөптерін шаба ала ма, соған көз жеткізгім келді, - дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл техникада 200 аттың күші бар және салмағы бар жоғы 400 келі болады. Техника кез келген биіктіктегі шөптерді оп-оңай шауып, тарыдай ұсақтатып жібереді.
- Бірден екі техниканы алдым. Пультпен басқарылады. Көлеңкеде отырып алып 50-60 метрдегі шөптерді шаба береміз. Біреуінің өзі 20 адамның жұмысын атқарады. Шабылған шөпті артынан жинаудың қажеті жоқ. Техника өзі шөпті ет турағыштан өткізгендей уатып жібереді. Сөйтіп шабылған шөп жер бетіне тыңайтқыш болып қалады. Тағы бір ерекшелігі бұл шынжыртабанды болғандықтан жол талғамайды. Өзеннің жағасында, балшықты жерлерде де жұмыс істей береді. Қанша см биіктікте шапқың келсе, пультпен реттей береміз. Одан бөлек қыста жаяу жолардың қарын күреуге де пайдаға асады, - дейді Бағытжан.
Айтуынша мұндай техниканы Қазақстанда әлі ешкім қолданып көрмеген. Техниканы бір көшеден келесі көшеге жеткізу үшін аккумолятормен жүреді. Шөп шапқан кезде бензинмен жұмыс істейді. Кәсіпкер алдағы уақытта ауқымды жұмыс болып жатса, техниканың санын келесі жылы тағы арттыруды көздеп отыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет пен бейнежазбаны Б.Досанов жолдады