Атыраудағы белгілі қоғам белсендісі Макс БОҚАЕВТАН Атырау облысы бойынша ЭСЖҚКД-нің (қаржы полициясы) тергеу басқармасы Мұхтар ӘБІЛЯЗОВҚА қарсы қылмыстық істі тергеу аясында жауап алды.
- Кеше кездейсоқ қаржы полициясынан жігіттер келіп, шақырту ұсынып, ішке келіп кету керектігін ескертті, -дейді Боқаев. – Мен тергеушімен кездесуге бардым. Ол маған ақшаның ізін жасыру бойынша 2009 жылы Әбілязовқа қарсы ашылған қылмыстық іс аясында сұрақтар қойылатынын түсіндірді. Мен егер сұрақтар қылмыстық іске қатысты болса, адвокатсыз еш нәрсе айтпаймын деп жауап бердім. Алайда адвокат таба алмай, тергеушілер өздерінікін ұсынды.
Жауап алу қалыпты, ешқандай қысымсыз өтті. Менен жауап алу барысында танысатын мәліметтерді жария етпеу туралы қолхат алды. Алайда жаңалық болатындай ешнәрсе білгенім жоқ. Әбілязовқа да еш қатысым жоқ.
Менен не үшін жауап алғанын білмей аң-таңмын. Жақында мен БАҚ беттерінен Әбілязовтың әйелін Атырауда соттайтын болыпты деп естігенмін. Мүмкін бұл біз сияқты қоғам белсенділерінің сотталушылардың құқықтарының сақталуын бақылауға алу ниеттерін кері қайтаруға арналған шаралары ма екен? Алайда жауап алуда Әбілязовтың әйелі туралы әңгіме болған жоқ.
Сондай-ақ Боқаев мұны жақында Алматыда болатын ҚР-дағы адам құқықтарының сақталуы жөніндегі кеңейтілген жиналысқа бару сапарына байланыстырады. Айта кетсек, Боқаевтың айтуынша, 3 шілдеде қаржы полициясы тағы бір қоғам белсендісі Әсел НҰРҒАЗИЕВАНЫ да шақырыпты. Ол да осы шараға қатысатын еді.
Сонымен қатар Фейсбукта кеше кешкісін Оралда 5 қоғам белсендісі қаржы полициясына шақыртылды деген хабарлама пайда болды.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА