Атырау облысындағы Ақкегершін, Ақтолағай, Қойқара, Иманқара, Шөлқара жоталарына палеонтологиялық зерттеу жүргізілді. Экспедиция мүшелері аталған жоталардан 160 млн жыл бұрын өмір сүрген теңіз бауырымен жорғалаушылардың омыртқаларын, 50 млн жыл бұрынғы акуланың тістерін тапты, деп хабарлайды KAZINFORM.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінен ұйымдастырылған палеонтологиялық экспедицияның жетекшісі, география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденовтің айтуынща, 7-18 тамыз аралығында Жылыой ауданындағы Ақкегершін, Ақтолағай, Қойқара, Иманқара, Шөлқара тау жоталарының бор массивтеріне зерттеу жүргізілген.
«Далалық және камералық палеонтологиялық әдістері қолданылған зерттеу кезінде 511 палеофауна мен палеофлора үлгілері жиналды. Оның ішінде омыртқалыға жататын 259, омыртқасыздар санатындағы 229, тасқа айналған 18 ағаш үлгісі бар. Экспедиция кезінде Мезозой дәуірінің жоғарғы бор кезеңіндегі бірегей қазба қалдықтары кездесті. Осы аумақта 160 миллион жыл бұрын өмір сүрген теңіз бауырымен жорғалаушылардың омыртқалары, Палеоген акулаларының тістері мен омыртқалары, балықтардың құйрық қанаттары, тасқа айналған ағаштардың үлгілері, 50 миллион жыл бұрынғы ірі otodus акулаларының тістері, сондай-ақ, белемниттердің, қосжарнақты малюскалар, теңіз кірпілерінің бөліктері табылды», -дейді Қажымұрат Ахмеденов.
Ғалымның дерегіне сүйенсек, палеофаунаның бірегей орны – Жылыой ауданындағы Шөлқара тау жоталары. Бұл аумақ аудан орталығы – Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырымда орналасқан.
«1931 жылы палеонтолог А.Рябининнің Қойқара қыратынан ерте Бор дәуіріндегі динозаврдың омыртқаларын тапқаны қызығушылық тудырды. Оны Эмбазавр деп сипаттаған ғой. Бұл «Эмба кесірткесі» дегенді білдіреді. Біз Эмбазаврды Атырау облысының палеонтологиялық бренді, әлемдік ғылым үшін бірегей олжа деп санаймыз. Экспедиция материалдары өңделіп, оның нәтижелері бойынша ғылыми тұжырым жасалады. Алдағы уақытта миллиондаған жылдар бұрын Атырау облысында өмір сүрген жануарлардың түрлерін анықтау, одан әрі зерттеу жұмыстарын жалғастыру қажет» дейді Қажымұрат Ахмеденов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын ортағасырлық Сарайшықтан көне кесененің дромосы табылғанын жазған едік.