Атырау, 23 қараша 10:12
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Ақ киім киюден қалдық»

Сурет Бейнежазба
728 просмотра

Жылыой ауданы 80 мыңға жуық халқы бар Құлсары қаласында төрт айдан бері лас лайланған су беріліп жатыр.

Халық бірде қап-қара, бірде сап-сары, әрі бөтен иісі бар ауыз суды пайдалана алмай, зар қақсап отыр. Бұған жауапты аудандық әкімдік те, мекемелер де дым шешпей, себебін анықтай алмай дал. Ашынған жұртшылықтың зарын «АЖ» тілшісі тыңдап қайтты. 

- Төрт ай болды судың ластанғанына. Ақ киім киюден қалдық. Ертең сабақ басталғанда балаларымыздың киімін қалай жуамыз? Лас, лай судың салдарынан насос, "Аристон", кір жуатын машинамыз істен шығып жатыр. Бірақ ол шығынымызды өтемесі анық. Айналғанда зардап шегіп отырған қарапайым халық. Ванна, туалет судың түсінен сап-сары болып жарамсыздануда. Оның үстіне судың тұтыну бағасы қымбаттап, екі есеге өсіп кетті. Үнемі су сатып алу мүмкін болмай отыр, - дейді Рая АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ мен Қайрат СЕНҒАЛИЕВ.

- Мен бесінші қабатта тұрамын, он баланың анасымын. Былтыр үйіміз көгеріп, балаларым ауырып шықты. Енді оған ауыз су проблемасы қосылып отыр. Суды күнде сатып алып отырмыз. Еңбекақым 80 мың теңге, оны коммуналдық төлемге төлеймін бе, су сатып алам ба, неге жетеді. Литрі 20 теңге, жалпы 500 теңгеге күнде су сатып алып отырмыз, соған тамақ пісіріп, жуынып, кір жуамыз. "Аристонды" кредитке алғанмын, енді ол да ластанып болды. Сап-сары су ағып, менің жолдасымның аяғына жара шығып жатыр, балалардың денсаулығына кері әсер беріп жатыр. Енді аудандық әкімшілік мұны білсе де, халқына жаны ашып отырған жоқ. Лас судың ақшасын төлеп жатырмыз, қалайша? - дейді көп балалы ана Роза РАДЖАПОВА. 

Назым есімді әйел отбасында алты баласы, бәрі сегіз жан екенін, күніне 5 литрліктен 7-8 данасын сатып алып отырғанын ашына жеткізді. 

Жалпы ауыз су Қигаш өзенінен «Астрахан-Маңғышлақ» магистральдық су құбырынан келіп, «Магистральдық суағызғысы» ЖШС арқылы тазаланып, «Жылыойсу» МКК-нің су айдау станциялары арқылы халыққа таратылады.  

- 23 мамырдан бастап қалаға сары су келді, кейін тіпті қарая бастады. «Магистральдық су ағызғысы» ЖШС «Астрахан-Маңғышлақ» линиясында құбыр ауыстыру жұмысы жасалып жатқанын, болмаса іске қосқанда да бізге айтқан жоқ. Кейін Құлсарыдағы 5 текше метрлік екі су қазаны бүлінгенін, 300 км су құбыры ластанғанын білдік. Біздің тарапымыздан құбыр бойын тазарту жүрді, лас суды далаға ағыздық. Біастапқыда су ағарғандай болды, бірақ үш-төрт күннен кейін баяғы қалпына түсті, - дейді «Жылыойсу» МКК директорының міндетін атқарушы Батыр КЕЙКІНОВ.

Халықтың наразылығынан кейін ауданның депутаттары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен 5-10 тамызы аралығында екі су қазанын тазарту жүреді, бірақ одан кейін де өзгеріс болмайды.

- Жасыратыны жоқ, облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ келіп «Магистральдық суағызсы» ЖШС-нде болғанда «мутность» байқалған болатын. Су сақтайтын қазандарды тазарттық, енді 26 тамыздан бастап қаладағы құбырлар тазартылады, - дейді Б. Кейкінов.

 - Халық мұндай су үшін ақша төлегісі келмейтінін білесіз бе? 

- 2023 жылы 1 текше метр су 187 теңге болды, 2024 жылды 1 қаңтарынан бастап 66 теңгеге түсті. Антимонополия мекемесі 1 шілдеден бастап бір текше метр суды 208 теңгеге жоғарылатты, бұған МКК-нің қатысы жоқ. Себебі, біздің жағдайымыз қиындап кетті, тек шығынмен өмір сүрдік. Еңбекақы беру қиындады, басқа да шығынымыз жетеді. 

Кейін білгеніміздей, «Жылыойсу» МКК-нің «Магистральдық суағызғысы» ЖШС-не, жарыққа, айыппұл, басқа да бережақтарын есептегенде 700 мың теңгеге жеткенін анықтадық. Атырау облыстық санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаменті  су тасқынынан кейін ауыз су сапасына ұдайы мониторинг жүргізіп, 286 сынама алып, Құлсары халқына қайнаған суды тұтынуды ұсынған. 

Р.S. Мақала даярланып жатқанда құлсарылық әйел адамнан видеожазба келді «Бүгін, міне тамыздың 23-і. Журналистер екі күн ауданда болғанда су ағарғандай болып еді. Олар кетті, су мынандай» деді сарғайған суды көрсетіп.

Бірнеше айдан бері судың ластанып тұрғанын анықтау мүмкін болмауда. Аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ та ештеңе айта алмай отыр. Ал халық қашанғы дүкеннен суды сатып ішеді.    

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

26 тамыз, 15:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.