Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды, ал Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы №2 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің ғимараты жөндеусіз тұр. Бұл мәселені жергілікті әкімдік де шеше алмай отыр.
Облыстық білім басқармасының балансындағы лицей өткен жылға дейін айдалада орналасқан «Болашақ» ықшамауданындағы мектепте оқыған. 14 жыл бұрын салынған мектеп одан бері жөндеуді көрмегендіктен орталықтағы 1963 жылы салынған №5 Абай атындағы мектептің ескі орнына көшірілді. Ескі ғимараттарға көшірілген лицейдің бүгінде күйі кетіп тұр. Оның үстіне көктемгі су тасқынында лицейдің оқу орнына су кіріп, бір ай тұрған. «АлмасСемсер» ЖШС-і зерделеу жұмысын жүргізіп, нәтижесінде лицейдің оқу орнын апатты деп таныған.
Облыстық білім басқармасы басқа орынға көшіру мәселесін айтты. Маусымда ауданға облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ аяқтай келіп, аралап, Құлсарыда басқа ғимаратты қарастыру, болмаса Атырауға көшіру керек деді. Аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ Құлсарыдан басқа ғимарат тауып береміз деп уәде еткен болатын.
- Әкімдік өткен жылы пайдалануға берілген Абай мектебінен орын алып береміз деген, бірақ бұған қарсы болдым. Себебі, бізде тек ұлдар оқиды. Жалпы Абай атындағы мектептің ескі және жаңа орны бір аулада орналасқандықтан, біз өз күшімізбен екі ортаны бөліп тастадық,-дейді лицей директоры Арман ШАРИПОВ. - Енді екі ай осында отырасыңдар, сосын басқа ғимаратқа көшесіңдер деді, бірақ нақты қайда баратынымыз белгісіз. Тұрақты ғимарат болмағандықтан, жаңа оқу жылына бала қабылдау мүмкіндігінен айырылып отырмыз.
Лицейдің оқу орнында бүгінде жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Директор қордан қаржы бөлінгенін айтады. Бірақ нақты қанша екенін айта алмады.
Жарылып шытынаған қабырғаларды әктеп жамағанмен 61 жыл болған ғимараттың ескілігі білініп тұрды.
Бұдан кейін елу жыл болған «Бөбек» балабақшасы орнындағы лицей жатаханасымен таныстық. Бұл ғимаратты да апатты деп таныды. Кіреберісінен жағымсыз әсер қалдыратын ғимараттың кейбір есіктері ашылып жабылмай, панермен қапталып, болмаса тесіліп, қабырғалар қақ айрылып, әктері түсіп, едендегі линолеумдар тозығы жетіп, жалбырап жатыр. Әжетханадағы канализация иісі де мүңкіп тұр, жуыну бөлмесі де адам көргісіз.
Осы жатақханада 60-70 оқушы жатуы тиіс екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Ал лицей директоры А.Шарипов бұған қатысты бәрі қалыпқа келетінін айтады.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі «су апаты кезінде оқу корпусы мен жатақхана су астында қалды, екі ғимаратта апаттық жағдайда деп шешім шығарды. Бірақ аудан әкімшілігі тарапынан басқа ғимарат берілмеген соң сол апатты ғимаратта жаңа оқу жылын бастағалы отыр» деген жауаппен шектелді.
Дарынды оқушылар мұндай әбден ескіріп, тозығы жеткен, ешқандай жағдай туғызылмаған, әрі апатты деп танылған лицейде қалай білім алады? Санитариялық тазалықшылар оқуға қалай рұқсат береді? Облыстық білім басқармасы, облыстық және аудандық әкімдік жаңа оқу жылына санаулы күн қалғанда бұл мәселені шеше алмасы белгілі.
АЖ анықтамасы: Құлсарыдағы дарынды балаларға арналған №2 лицейде 185 бала білім алады, оның 70-сі жатақханада жатады. Ал ұстаздардың 20-сы басқа облыстан келген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор