Биыл 1 қыркүйектен бастап ерікті түрде кредит алудан бас тартқан қазақстандықтар өз атына заңсыз рәсімделген несиені төлемейді. Банктер мұндай қарыздарды есептен шығаруға міндеттеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанда кредиттен өз еркімен бас тарту құқығы 2024 жылы ақпанда енгізілді. Азаматтар электронды үкімет порталы арқылы өз атымнан несие алмаймын деп шектеу қоя алады. Қазіргі таңда 461 мың адам кредит алудан ерікті түрде бас тартқан. Енді он күннен кейін осы құқығын пайдаланған азаматтарды қорғайтын норма күшіне енеді. Яғни банктер кредиттен бас тартқан азаматтардың атына заңсыз рәсімделген несиелер бойынша берешекті есептен шығаруға міндеттеледі.
«Заңмен 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап кредиторлар үшін азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу кезеңінде заңсыз рәсімделген кредиттері бойынша борышты есептен шығару міндеті енгізіледі», - деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Сонымен қатар 2024 жылғы 20 тамыздан бастап биометриялық идентификациядан өтпеген клиентке электронды банк кредиті мен онлайн микрокредит беруге тыйым салынды. Бұған қоса кредиторлар алаяқтар алған кредиттер бойынша тергеу жүргізіліп жатқан уақытта сыйақы есептеуді және талап-арыз жұмысын тоқтата тұруға міндетті болады. Несиені алаяқтың алғаны, ал клиент бұдан бейхабар болғаны анықталса, сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін банк тарапынан клиентке қойылатын барлық талап тоқтатылады.
Сондай-ақ енді банктер мен микроқаржы ұйымдары клиенттердің қарыз шартын жасасуға өтініштері туралы ақпаратты кредиттік бюроларға нақты уақыт режимінде беруге міндетті. Мәліметтерде жеке тұлғаның ЖСН-і, банк қарызының/микрокредиттің сомасы мен мақсаты көрсетіледі. Кредиттік бюролар нақты уақыт режимінде клиенттің кредиттік есебінде жеке тұлғаның банк қарыздары мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тартуды белгілегені не алып тастағаны туралы ақпаратты көрсетеді.