Атырау, 13 қараша 13:25
 ашықВ Атырау -2
$ 494.95
€ 525.49
₽ 5.05

Қазақстанда тағы төрт әуежай сатылады

436 просмотра
Коллаж: ulysmedia.kz.

Көлік министрі Марат Қарабаев Қостанайдағы әуежай сатылып жатқанын растады. Ол жалғыз Қостанай емес, басқа да өңірлердегі әуежайларға инвесторлар тартылатынын айтады, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Неге Қазақстанның компанияларына бермеске?

Бұған дейін экономист Расул Рысмамбетов Қазақстандағы тағы бір әуежай, атап айтқанда Қостанайдағы әуежай сатылатынын айтқан еді. Сарапшы елдегі әуежайлардың жаппай сатылып жатқанына алаңдайтынын жазған.

– Оларды сатсақ, біріншіден, азырақ ақша табамыз, ал екіншіден стратегиялық нысанды жоғалтамыз: шетелдіктердің сатып алу ықтималдығы жоғары. Мысалы, Орал, СҚО, Атырау, Алматыдағы әуежайлар тікелей немесе жанама болсын шетелдіктердің иелігінде. Неге оларды қазақстандық компанияның басқаруына бермеске? – дейді ол.

Қарабаев не дейді

Осы сұрақты бүгін Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаевқа қойған.

– Қостанайдағы әуежайды белгілі бір инвестордың сатып алатыны жөнінде ешқандай өтінім келіп түскен жоқ. Өтініш түсетін болса мемлекет тарапынан ол міндетті түрде қарастырылатын болады. Әуежай – стратегиялық нысан әрі оның кімге сатылып, кімге сатылмайтыны Үкіметтің құзыретінде. Осы уақытқа дейін Қостанайдағы әуежайды сатып алуға ешбір инвестор ынта танытқан жоқ, – дейді ол.

Қарабаевтың айтуынша, жалпы елдегі әуежайларға инвесторларды тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Ол әуежайларды қазақстандық инвестор да, шетелдік инвестор да алуы мүмкін. Қарабаев әуежайларға шетелдік инвесторлардың келуі – заңға қайшы емес екенін айтты.

– Қазақстандық инвестор болсын, шетелдік болсын – біз оны қолдаймыз. Өйткені қай кезде де әуежай мемлекеттік органдардың толық бақылауында болады. Оның құрылтайшысы шетелдік болса да ол бақылаудан тыс қалмайды, – дейді Қарабаев.

Министр Алматыдағы әуежайға шетелдік инвестор 250 млн доллар инвестиция салғанын атап өтеді. 

– Тек Қостанайдағы емес, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстандағы әуежайлар – мемлекет меншігінде. Ол жаққа инвестор тартып, инвестициялары арқылы инфрақұрылымын жаңғырту – мемелекеттің басым бағыттарының бірі. Бәрібір ол мемлекеттің бақылауында болады, – дейді ол.
20 тамыз, 12:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.