Атырау, 23 қараша 12:27
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Каспий теңізінің алыптары

Сурет
750 просмотра
Астрахань, 1980 ж.

Осыдан небәрі жүз жыл бұрын Жайық пен Каспий теңізінде заманауи өлшем бойынша салмағы бір тонна және ұзындығы төрт-бес метр болатын таңғажайып балықтар ауланған.

«Гурьеврыбпром» өндірістік бірлестігінің базасында балық қабылдау, 1988 ж. Сурет авторы Олег Свидин.

Әрине, жоғалған байлығымыз - қортпа, бекіре, шоқыр секілді қызыл балық жөнінде айтып отырмыз. Ескі газеттер мен кітаптарды ақтарып, тілшіңіз өткен күндердің рекордтарын жазып алған еді.

«Гурьевтен теңіз балықшыларына шлюпкамен шығып, сол жерге жеткен кезде, олардың салмағы төрт жүз ливр (195,8 келі) қортпа ұстағанын көрдім. Ал оның уылдырығының құны балықтың өзінен әлдеқайда жоғары болатын» деп жазады 1898 жылы Гурьевке ат басын тіреген француз саяхатшысы, географ Поль Лаббе. Ғалым Еділ бойына, Оңтүстік Жайыққа және Қазақстанға жасаған ауқымды экспедициядан алған әсерін «По дорогам России. От Волги до Урала» атты алғаш рет орыс тіліне аударылып, 2017 жылы жарық көрген кітабында жазды.

Онда ол балық аулайтын жерлерді, жүзбелі құралдарды, кәсіптік балық түрлерін, балық аулау ережелерін, тұздау әдістерін сипаттайды, тіпті Гурьевтегі бекіре тұқымдас балықтарды жасанды өсірудегі алғашқы тәжірибелер туралы айтқан.

«Жайық балық кәсіпшілігінде бір маусымда орта есеппен 1 180 000 кг уылдырық, 15 000 кг балық, 12 000 000 кг ірі балық және 20 000 000 кг қара балық өндіріледі, - деп есептеген саяхатшы. - Кейде бір сәтті күн отбасына бүкіл қыс бойына жайлы өмір сүру үшін жеткілікті».

Халықаралық балық өнеркәсібі көрмесі. Санкт-Петербург, 1902 ж.

XIX ғасырда бекіре тұқымдас балықтардың алып түрлерін - негізінен қортпаларды аулау таңқаларлық нәрсе емес еді. Сондықтан да жазбаша, көрнекі әдіспен және тіпті фотосуреттер арқылы тіркелмеген.

Каспий теңізінен ауланған алып қортпа Балчугтағы В.Ф.Бобковтың дүкенінде қойылған. Мәскеу, 1910 ж.

Қортпа – жыртқыш балық, шабақ кезінде ұсақ су организмдерімен, моллюскалармен, дернәсілдермен, шаян тәрізділермен қоректенеді, ал ересек жасқа жеткенде өзен балығын қорегіне айналдырады. Олар өмір бойы өсе береді, ұзақ өмір сүреді және бұрын жүз жасқа дейін тіршілік еткен.

Бұл қортпа 1921 жылы Еділде ауланған.

«Көнекөз балықшылар 16 пұт таза уылдырық алынған 92 пұттық қортпаны еске алып отырады. Ересек адам бұл құбыжықтың аузына оңай сыйып кететіндей еді», - деп жазады 1937 жылғы «Каспийская коммуна» газетінде. 1 пұт 16,3 килограмға тең, сондықтан бұл алып балықтың салмағы 1499 кг-нан асады! Бұл жарияланымға Камынинский аралының маңынан салмағы 120 келі бекіре балығы мен 27 келі ақбалықтың ауланғаны, сирек кездесетін үлгілерді сақтау және Жайық-Каспий трестінің үздік балықшыларын делегациямен бірге Бүкілқазақстандық Х Кеңестер съезіне жіберу туралы хабар себеп болған. 

Еділ, 1924 ж.

Жарты ғасырдан сәл астам уақыт бұрын елімізде ауланған бекіре тұқымдас балықтардың 70%-дан астамы Жайық-Каспий бассейнінен ауланған. Жалпы алғанда, Каспийден басқа Қара және Азов теңіздерінде мекендеген қызыл балықтарды әлем бойынша аулаудың 95-97%-ы Кеңес Одағына тиесілі.

Баспасөзде («Приуральская правда», Орал, 1956 ж.) аталған тағы бір алып - Гурьевтегі Микоян атындағы колхоз аулаған қортпа болды. Ссалмағы 325 кг қортпадан 65 кг қара уылдырық алынған. Ал Жоғары Дамбы тартымында Жайық-Каспий каналы мемлекеттік аулау базасынан салынған торға салмағы 359 келі болатын қортпа түскен.

Сол жылдары бекіре балығы Жайықтың жоғарғы ағысына еркін жеткен. Осылайша, 1950 жылы Орал облыстық музейі өлкетанушы арнайы ұстаған ихтиофаунаның бірнеше өкілдерімен, соның ішінде салмағы жүз келіден асатын екі метрлік қортпа мен 33 келілік бекіремен көрмені безендірген.

Гурьев балық консерві комбинатының пирсінде. Суретті түсірген Борис Матвеев.

Гурьев балық консерві комбинатының пирсінде. Суретті түсірген Борис Матвеев.

Ал 1970 жылы мамырда бос болған жұмысшылар В.И.Ленин атындағы Гурьев балық консерві комбинатының пирсына жүгіріп барып, «Қызыл балық» колхозының балықшылар звеносының торына түсіп қалған 800 килограммдық қортпаны «Церий» катерінің бортынан жарты тонналық екі кранның қалай күшпен көтеріп жатқанын тамашалады. Бөлшектеп өңдеу цехында 4,5 метрлік балықты «приходтап", жүз келі уылдырық пен 600 келі таза ет алған. "Прикаспийкая" газеті: «Балықшылар Жайыққа мұндай қортпаның көптен кірмегенін айтады», - дейді.

«Церий» катерінен алынған қортпа, 1970 ж.

Соңғы жылдардағы сенсация - 190 келі салмақ жинаған аналық қортпа болды. Браконьерлердің әңгімелерін қоспағанда, бұдан соң басқа алыптар ресми түрде тіркелмеген.

«Гурьеврыбпром» өндірістік бірлестігінің № 5 уылдырық зауытының өнімдері, 1988 ж. Суретті түсірген Олег Свидин.

Лев ГУЗИКОВ

Автордың мұрағатынан және ашық дереккөздерден алынған суреттер

19 тамыз, 14:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.