Атырау, 23 қараша 12:27
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жаңа қор су тасқынына бөлінген миллиардтардың қалай жұмсалғанын тексереді

Бейнежазба
970 просмотра

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Атырау облыстық өкілдігі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беру мәселелері бойынша жиын өткізді. Бұл шараны ұйымдастырушылар “қоғамдық тыңдау” деп атады.

Қор өкілдігі өңірде өз жұмысын сәуір айынан бастады. Қор жанынан 2023 жылғы 2 қазандағы № 30-VIII қоғамдық бақылау туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес атыраулық белсенді қор қолдаушылары бастамасымен Атырау облысы бойынша қоғамдық бақылау тобы құрылған.  

Қоғамдық бақылау тобының жетекшісі Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВТІҢ сөзінше, қаладағы қоймалардан келген гуманитарлық көмек заттары жоғалып кетті деген көп шағым түскен. Ол осы және өзге де шағымдар бойынша қоғамдық бақылау тобы өз қызметін Атырау облысында су тасқынының алдын алу және зардап шеккендерге көмек беру мәселелері бойынша бірнеше мәселелерді қамтитын хаттар құзырлы орындарға жолданып, жауап хаттар сараланғанын айтты.

Оның сөзінше, қоғамдық тыңдау өткізудің мақсаты - қор өкілдігіне жергілікті халықтан келіп түскен хаттар мен ұсыныстар негізінде облыс тұрғындарына су тасқынына байланысты республикалық, облыстық, қалалық/аудандық бюджеттерден бөлінген және ірі бизнес өкілдері, мұнай компаниялары, ірі қорлар мен белсенді азаматтар тарапынан бөлінген қаржының жұмсалуы есебін тыңдау.

Осы мақсатта Атырау қаласы, Жылыой, Махамбет, Индер, Қызылқоға аудандарының әкімдіктеріне, мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат басқармаларына хат жолданған.

Бірақ, жиынға тек Қызылқоға ауданы әкімдігінің өкілі мен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім ДОСҚАЛИЕВА және Атырау облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының бөлім басшысы Ринат ҚАЛИЕВ келді. 

- Мені мына нәрсе қатты қызықтырды: су тасқыны кезінде облыста гуманитарлық қоймалар ашылды. Қаржы мен гумкөмек қаншалықты орнымен жұмсалды? Бұл тырнақ астынан кір іздеу емес. Күні-түні істеген азаматтардың еңбегін қара халыққа жеткізгіміз келеді. Билікке мұң-мұқтажын жеткізгіміз келеді. Үлкен су келесі жылы да келеді деп жатыр. Мәселен, Алмалы ауылы тұрғындары “үлкен су 1993 жылы келген кезде келесі 1994 жылы да келді” дейді. 

Біз аудандарды өзіміз аралаймыз деп шешім қабылдадық. Атырау облысы әкім аппаратына жолдаған хатымызға “Жылыой ауданы тұрғындарына 900 тонна зат гуманитарлық көмек ретінде жібердік” деген жауап алдық. Бұл - азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және т.б. қажеттіліктер. 

Гуманитарлық қойма бойынша мәлімет алғымыз келеді. 900 тонна орнымен жетсе, қанша көлікпен қанша тонна жеткізілді, соны да тексереміз. Жеткен-жетпегенін айтамыз.

Атырау облысы жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы мәліметі бойынша, Жылыой мен Қызылқоға аудандарына 2 млрд 863 млн 100 мың теңге жоспарланған.

Соның ішінде бүгінде 1 млрд 587 млн 500 мың теңге  жұмсалды деп отыр. Соны тиынына дейін бәрін осы аудандарда есептеп, шетіне жетеміз деп отырмыз. Біздің жұмыс қоғам атынан мониторинг жүргізу. Тексерген соң кеткен қаржы мен алған заттарды тексеріп, халықты, белсенділер мен депутаттарды шақырып, жұмысымыздың барлық есебін береміз, - деді Күмісқалиев.  

Әйгерім Досқалиева гуманитарлық қоймалар 6 сәуірде ашылғанын айтты. 79 күн ішінде 2500 волонтер көмек еткен.

Қызылқоға ауданы әкімдігінің өкілі Мақсат ТУКЕНОВТІҢ айтуынша, көктемгі су тасқыны қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 52 072,0 мың теңге бөлінген. Бұл сомаға жанар-жағармай, батпаққа арналған 1 моторлы қайық, 4 моторлы алюминий қайық, 4 моторлы үрлемелі қайық, 6 шатыр, 2 мотопомпа, 3 дизельдік сорғы станциясы, 10 рация сатып алынды.

Облыс бойынша төтенше жағдайдың алдын алу және жою үшін 20890,0 мың теңге қаралып, төсек-орын жабдықтары (600 матрац, төсек жапқыш, көрпе), 150 жиналмалы кереует, 20 резеңке костюм, 10 шырақ сатып алынды.

Көктемгі су тасқыны кезінде ауылдық округтер мен елді мекендерді су басу қаупінен қорғау мақсатында жағалауларды нығайтуға және қосымша бөгет салуға пайдаланылған техникаларды жалға алуға 195 863 296 теңге бөлінді.

Зиянды анықтау және мал шығынын өтеу жөніндегі комиссияға 70 өтініш түсті. 58 шаруа қожалығы мен жеке тұлғаларға 61 772 062 теңге өтемақы төленді. Барлығы 191 бас мал төленді. Оның ішінде 105 сиыр, 45 жылқы, 40 қой-ешкі, 1 түйе.

Су тасқынынан зардап шеккен 31 тұрғын құлап қалған үйлеріне өтемақы төлеуге өтініш жазған. Оның жетеуі үйге құжаттары болмағандықтан қайтарылып, 24 өтініш қанағаттандырылды. Техникалық қорытынды бойынша 6 тұрғын үй жөндеу жұмыстарына жатады, 18 тұрғын үй қауіпті деп танылды. Қауіпсіз деп танылған 18 тұрғын үйдің иелеріне 218 866 095 теңге, 6 отбасына жөндеу жұмыстарына 11 979 773 теңге, барлығы 230 845 868 теңге төленді.

Қазіргі таңда жалпы сомасы 96 000 000 теңгеге Қоныстану ауылында 3 тұрғын үй, Миялы ауылында 1 тұрғын үй салынып жатыр.

«Сағыз-Миялы-Қарабау-Индер» бағытындағы жолдың жалпы ұзындығы 244,5 шақырымды құрайды. Бүлінген учаскенің ұзындығы - 2,5 шақырым, қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Жиынға қатысқан “Су айдыны” қоғамдық қорының жетекшісі Ақлима Абдолова қаладағы Соколок, Сарыөзек каналдары мен Махамбет ауданындағы Бақсай каналын және Исатай ауданындағы Нарын каналын неге дұрыстап тереңдетіп, бөлінген қаржыны тиімді пайдаланбады деп шенеуніктерге кейіді. 

- Бюджет қаржысы тасқынмен күрес шараларына қалай жұмсалды? Өз мақсатына жұмсалмады. Неге бұл жасалған жұмыстар тексерілмейді? Мемлекет қаржысы қайда кетті? 

Келген үлкен суды өз мақсатына тиімді пайдалану керек еді, су қоймаларына сақтап қалу керек еді. Сосын сол суды қазір қайтадан су деңгейі түсіп кеткен Жайық өзеніне құйып, толтыруымыз керек еді. 

Ал бұл су далаға жайылып, жолдарды шайып, шаруа қожалықтарын басты, елдімекендерге жетті, халықты көшіруге тура келді. Бұл әкімдікте отырған шенеуніктердің жауапсыздығы! - деді Абдолова. 

Ол қордың қоғамдық бақылау тобына осы жұмысты да тексеруді қолға алуды ұсынды. 

Абдолованың мамандығы - мелиоратор. Оның сөзінше, ол тіпті әкімдікке 4 сәуір күні каналдарды тереңдетіп, Жайық суын қабылдап, әрі қарай өткізетіндей тазартып, сол каналдарда балық қорғау құрылғысын орнатуды ұсынып, хат жолдағанын айтады. “Бірақ оған ешкім құлақ аспады” деген Абдолова жақында ауа жетпей қырылған балықтарды мысалға келтірді.

Айнұр САПАРОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

16 тамыз, 14:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.