Жаңа оқу жылы қарсаңында «АЖ» тілшісі Жылыой ауданындағы білім ошақтарының дайындығын біліп қайтқан болатын.
Биылғы қарғын су Құлсары қаласындағы оқу орны нысандары мен балабақшаларға да зардабын тигізді. Қала ішіне өткен жылы көшіріліп, облыстық білім басқармасының балансына қойылған лицей жайы қалай шешіледі? Бұл сұраққа профильді мекеме жауап берді: аудандағы 20 мектепте жыл сайын 18843 бала оқитын, бірінші сыныпқа қабылдау әлі жалғасуда.
Тасқын судың салдарынан қала тұрғындарының кейбір бөлігі басқа қалаға (Ақтөбе, Орал, Атырау) қоныс аударғандықтан 430 оқушы құжатын алып кеткен, сол себептен биылғы оқу жылында оқушы саны кемуі мүмкін.
Ауданда 21 балабақша бар. Су тасқынынан бірнеше мектеп пен балабақшаға едәуір шығын келтірілді. Су қоршауында қалған нысандарға техникалық зерттеу қорытындысы жасақталып, нәтижесінде 4 ғимарат бұзылатын болды, олар: Жылыой аудандық білім бөлімі ғимараты, «Салтанат» балабақшасы (280 орындық балабақша 2021 жылы салынған), 1963 жылы салынған ескі Абай орта мектебі (жаңасы былтыр пайдалануға берілген - Л. Қ.), 1975 жылы пайдалануға берілген №6 мектеп. Бүгінде су қоршауында қалған мектептер мен балабақшаларға жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұған №19 күрделі, №8, 20 мектептер, №1 және №2 саз мектебінің, №1 және №2«Айгөлек» балабақшасының, №1 және №2 «Өркен» балабақшасының ғимараттары (200-290 орындық, 2016-2018 жылдары пайдалануға берілген) кіреді.
Екі жылдан бері күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқан Қосшағыл ауылындағы жұмыс 99 пайызға ғана орындалған. Осы мектептің күрделі жөндеуін конкурс бойынша жеңіп алған «SKS Инжиниринг» ЖШС жосықсыз қатысушы деп танылса, одан кейін жөндеу жұмысын жалғастырған «Диана» ЖШС мерзімді уақыты өткенімен, жұмысын толық бітірмей отыр.
Қаланың «Достық» ықшамауданында орналасқан 900 орындық (2015 жылы салынған) №19 мектепке күрделі жөндеу жұмысы белгіленген. Бірнеше жертөлесі суда тұрған мектептің едендері қисайып, қабырғалары жарылып кеткен. Бірінші қабат пен екінші қабаттың ортасында үлкен саңылаулар пайда болған. Қызметкерлер мектепке кіріп-шығудың өзі қауіпке айнала бастағанын жасырмайды.
- Күрделі жөндеу жүргізіледі деген, біз соны күтіп отырмыз. Қосымша мамандар қарап, сметасы жасалғаннан кейін жұмысы басталады деген болатын, сол себептен мердігер әлі анықтала қойған жоқ. Бүгінде 900 баладан 650 оқушы қалып отыр, көбі басқа жаққа көшіп кеткендіктен қалғаны Халықов атындағы орта мектепте оқитын болып шешілді, - дейді мектеп директоры Күләш ШИГАНБАЕВА.
Жалпы ауданда 1824 мұғалім бар, алайда кадр жетіспеушілігі жойылмай тұр. Күні бүгінде 54 мұғалім тапшы. Сол себептен 10-нан астам зейнеткерлер әлі күнге еңбек етуде. Орыс сыныптарына мұғалім жетіспейді, сонымен қатар математика, химия мамандарына сұраныс бар.
- Су тасқынына ұшыраған мектептер болмаса, қалғанына жылдағыдай жәй жөндеу жұмысы жүргізіліп, оқу жылына дайын. Жөндеу жүргізіліп жатқан мектеп оқушылары басқа мектептерге орналастырылып жатыр. Балабақша да солай, тәрбиеленушілер барынша орналастырылып, ауданда төтенше жағдай жариялануына байланысты жұмысын тоқтатқан балабақша қызметкерлеріне 100 пайыз ақы төленуде, егер ТЖ алынса еңбекақыларының 50 пайызы төленетіні ескертіліп түсіндіріліп жатыр, - дейді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара ТАҢАТАРОВА. - Су тасқыны болмаса жоспарланған жұмыстарымыз бар еді, №1,7, 9, 22 мектептер мен «Еркемай», «Құлыншақ», «Аққайың», !«Әсем» балабақшалары тозып, күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор