Абайсыз жағдайда мүмкіндігі шектеулі болып қалғанын Махамбет ауданының тұрғыны Александр ЧЕЧИН бес жылдан бері қарттар үйін паналап келеді. Ол өзінің қарттар үйіндегі өмірі мен мақсаты туралы «АЖ» тілшісіне айтып берді.
Александр 2006 жылы 18 жасында Жайық өзеніне тік жардан секіремін деп мойын омыртқасына зақым келіп, мүгедек атанған.
- Мектеп пен колледжді аяқтаған соң, әскерге аттанайын деп тұрған кезім еді. Жастайымнан спортпен шұғылдандым. Әскерге кетердің алдында бірнеше күн бұрын Жайыққа бір шомылып алайын деп тік жардан өзенге секіргенде, омыртқадан зақым алып, салдарынанан екі қол, екі аяғым жұмыс істемей қалды. Арманымның бәрі көз алдымнан бұлбұлдай ұшып өтті, - дейді Александр.
Жедел жәрдеммен Атырауға жеткізіліп, 7 сағат ота жасалып, сәтсіз аяқталған. Кейін Астарахань қаласына барып тағы екі ота жасалып, одан да нәтиже болмаған.
- 2016 жылға дейін он жыл бойы үйде әке шешем бақты. Кейін анам мен әкем бір жылдың ішінде қайтыс болып, мені қарайтын адам болмады. Сөйтіп өз еркіммен қарттар үйіне келуге тура келді, - дейді ол.
Содан бері қарттар үйінің ең жас тұрғыны болып тұрып жатыр.
- Қарттар үйінің сол кездегі басшысы, бүгінде зейнеткерлік демалыстағы Қилымқас апайға алғысым шексіз. Туған күнімізде торт әкеліп құттықтап, мереке күндері концерт ұйымдастырып, көңілімізді көтеріп жатады.
Таңертең тұрғаннан киіндіріп, жуындырып күтім жасайтын санитарлық қызметкерлерге де қарыздармын дейді ол. Айтуынша, өзіне Қазақстанның кез келген шипажайында демалуға жыл сайын жолдама беріледі. Алайда қасына бірге еріп баратын адам болмағандықтан, шипажайларға бара алмай жүр.
- Қазір Гүлназ Қосмурзиева ұйымдастыратын «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры тренингтеріне тұрақты қатысып жүрмін. Ол жерде өзіммен тағдырлас жандар жиналып, өмірді қалай жалғастыру керектігі жөнінде ерік-жігер аламыз. Бұрын мен мүгедек болып қалған жылдары мұндай орталықтар, қазіргідей реабилитациялық орталықтар болған жоқ. Әлемде жалғыз өзім мүгедек болып қалғандай қиын күндерді бастан өткердім. Бәрі өтті, кетті. Қазір осы қоғамдық қордың тренингтерінен қалмауға тырысамын, - дейді Александр.
...Анам «Мен өлсем, сен кіммен қаласың?» деп мені уайымдайтын еді. Мені ойлап той, қонақтықтарға да барған жоқ. Ақырында қан қысымы көтеріліп. көз алдымда өмірден өтіп кетті. Кейде тіршіліктен шаршаған кезде сол анамның он жыл баққан еңбегін, мені аяқтан тұрғызуға салған күш-жігерін зая етпейін деген оймен өзімді жинап аламын.
Александр қарттар үйінде өмір сүріп жатқанына өзін ығайсыз сезінетінін айтады.
- Мереке күндері еріктілер келіп концерт ұйымдастырып кетеді. Жастар келіп, «Қарттарым, қарияларым» деп құттықтап жатқанда өзімді жаман сезінемін. Кейде сол үшін концерттерге барғым келмейді, бірақ ішің пысқаннан барасың, - дейді ол.
Александр алдағы уақытта қарттар үйінен шығып, отбасын құрып, тәуелсіз болғысы келетінін айтады.
- Өмір бойы қарттар үйінде жатпайтын шығармын деп үміттенемін. Әлі басым жас, өз үйім болса деймін. Сыңарымды тауып, үйленсем деген мақсатым бар. Қазір қарттар үйіндегі ең жасы менмін. Ешқандай амал болмаған соң, осындамын. Пәтерім болса күтуші жалдап, тәуелсіз өмір сүргім келеді. Медицина жыл сайын дамып келе жатыр ғой. Аяқтан тұрып кетеріме үмітімді үзбеймін.
Александр қарттар үйіне орналасқан кезде мүгедектік санаты бойынша үй кезегіне тұрған. Алайда жақында телефонына үй кезегінен алынып тасталатыны туралы хабарлама келіпті.
- Көп жылдан бері Махамбет ауылында үй кезегінде тұрмын. Мүмкіндік болса, Атырау қаласының тұрғын үй кезегіне ауысқым келген, бірақ ол үшін қайтадан кезекке тұруым қажет. Жақында Махамбеттегі үй кезегінен де алынып қалатыным туралы хабарлама келді. Себебі ауылда әке-шешемнің тұрған саман тастан салынған ескі үйі бар еді. Сол үй әке-шешемнен маған қалады деп есептеген болса керек. Бірақ ол үй он жылдан бері қаңырап, тозығы жетіп тұр. Қазіргі уақытта сол бойынша заңгерлерлерден кеңес сұрап жатырмын, - дейді Александр.
Сонымен қатар Алесандр жерлестестерінен жаңа электрлі коляска алып беруін өтінген еді. Себебі өзінікі ескіргендіктен жиі бұзылып қалатын көрінеді.
- Егер маған көмектессеңіздер, риза боламын, - дейді Саша. Айта кетсек, ол кез келген таныстыққа қуанып, қарттар үйіне өзімен кездесуге келген адамды құшақ жая қарсы алуға дайын. Александрдың телефон номері өзінің рұқсатымен жарияланып отыр: 8 775 933 5788.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет Александрдың жеке архивінен