Атырау, 23 қараша 15:55
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құлсарыдағы жүз үй қыркүйекте біте ме?

Сурет Бейнежазба
835 просмотра

«АЖ» тілшісі Жылыой ауданы Құлсары қаласында «Болашақ» ықшамауданынан су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынып жатқан 100 үйдің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан еді.

Қаланың бас жоспарында 4 шақырым қашықта орналасқан «Болашақ» ықшамауданында кейбір тұрғындардың жер алып, үй салып жатқандарына оншақты жылдан асып кеткен болатын. Толыққанды инфрақұрылым тартылмағандықтан қоныстанушылар саусақпен санарлықтай еді. Болашақ баспаналарының іргетасын құйып тастағандар бар. Биыл қарғын судың салдарынан «Тірсексай» сайына орналасқан кейбір үйлер су астында қалған болатын. Осы ықшамауданның биіктеу дөңес жерінен зардап шегушілерге арналып 100 үйдің құрылысы маусым айында басталған болатын. Бастапқыда бұл құрылысқа 3 мердігер тартылғанымен кейін оның саны артып, сегізге жетті. Өйткені қыркүйекте бұл тұрғын үйлер тапсырылуы тиіс. Құрылыс қызу жүріп жатыр. Бірінің сыртқы сылағы аяқталса, енді екіншісінің шатырын көтеру істері жүруде. Қаз-қатар бой түзеген жүздеген үй салушылар арасында жергілікті тұрғындармен бірге шетелдік азаматтар да тартылған. Мұнда күні бүгінде 412 адам еңбек етіп жатыр. 16 үйдің құрылысын жүргізіп жатқан «Орлан» ЖШС-нің жұмысы қарқынды.


- Материалдан кідіріс жоқ, әкеліп жатыр. Бірақ жұмысшы қолы керек-ақ. Күн батқанша жұмыс істеп жатырмыз, енді жиырма шақты күнде аяқтау көзделген. Бригада, бригадаға бөлініп жұмыс жасап жатырмыз. Бастысы құрылыс сапасына қатты көңіл бөлініп, әр істеген жұмысымызды мамандар уақытында бағалап отыр, - дейді іс басындағы жұмысшылар.

Жалпы бұл 100 шаршы метр болатын үй құрылысына «Қазақстан халқына» қорынан 80 үйге 2 млрд  640 млн теңге бөлінсе, ал 20 үй құрылысы жергілікті бюджет есебінен салынып жатыр. Бір үйдің құны 25 млн 500 мың теңгеге бағаланған. Үйдің іргетасы берік қаланып, қабырғаларын қаптау, соңғы үлгідегі дизайндік ерекшеліктер ескеріледі. Үш бөлмесі бөлек, зал әрі холл ретінде салынатын үйлерге асүй жиһазы да қарастырылған.

- Күні бүгінде үй сапасына қатты көңіл бөлініп отыр. 64 үйдің төбе жабындысы жасалып жатса, 81 үйдің қабырғасы қаланып жэатыр, ал 42 үйдің ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Қыркүйек айына дейін 80 үй құрылысы толық аяқталып тапсырылады деп отырмыз, ал 20 үй сол айдың аяғында бітпекші. Үй салумен бірге автомобиль жол салуды «Казкомсервис» ЖШС бастап кетті. Қажетті инфрақұрылым толық бар бұл жерде, - дейді облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ. 

Болашақта осы ауданнан 280 орындық балабақшаны салу үшін сметалық жобасы жасақталып жатыр. Ал «Бином» мектебін келесі жылы салуды жоспарлап отырмыз, балаларға қажетті ойын алаңдары да қарастырылып қойылған.    

Жылыой аудандық әкімшілігінің мәлімдеуінше бұл жүз үйге Махамбет даңғылында орналасқан аз қабатты және жер үй тұрғындары қоныстанбақшы.    

 Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен видеоны түсірген автор

12 тамыз, 16:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.