Атырау, 3 қараша 12:17
 дождьВ Атырау +10
$ 453.64
€ 508.17
₽ 5.59

Қазақстанның ең ұзақ жасаған тұрғыны Түймегүл апа 117 жасында дүниеден өтті

68 рет қаралды

Ұлытау облысында 117 жасында Қазақстанның ең қарт тұрғыны Түймегүл Темірбаева дүниеден өтті. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Kazinform.

Түймегүл Темірбаева 1910 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысының Байқадам ауданында дүниеге келген. 1932 жылы тұрмысқа шығып, жұбайымен бірге Жаңаарқа ауданына қоныс аударған. Осы өңірде 90 жылдан астам уақыт өмір сүрді. Отбасы төрт бала тәрбиелеп өсірген. Ұзақ жасаған әженің артында 15 немересі мен 25 шөбересі қалды. Айта кетейік, оның жұбайы Аязбай Темірбаев та ұзақ жасаған, 96 жасқа дейін өмір сүрген.

Түймегүл апа ұзақ өмір сүруінің және өмірге құштар болуының басты құпиясы ретінде еңбекке дағдылануды, жан тыныштығын және жақындарының қамқорлығын атаған.

«Жолдасым екеуміз ұзақ әрі бақытты ғұмыр кештік. Балаларымның, немерелерім мен шөберелерімнің қамқорлығына бөленіп отырмын. Ұзақ өмір сүруімнің бір сыры осында шығар», — деген еді ол бұған дейін журналистерге берген сұхбатында.

Түймегүл апа бала кезінен ата-анасына жылқы шаруашылығында көмектескен. Атқа жақсы мінген, бие сауып, қымыз дайындаған. Үнемі қозғалыста болып, күнделікті дене еңбегімен айналысуы оған қартайған шағында да сергектігін сақтауға көмектескен.

Жасы ұлғайғанына қарамастан, Түймегүл апа ел өміріне қызығушылық танытып, азаматтық белсенділігін үнемі көрсетіп отырған. Биыл тамыз айында өткен сайлауда да дауыс беруге қатысқан.

Бүгін, 11:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.