
Қарағанды облыстық соты электр беру желісіндегі апатты жою кезінде мүгедек болып қалған жұмысшыға 30% кінә тағуды негізсіз деп таныды. Сот жұмыс берушінің қауіпсіздік талаптарын сақтамағанын анықтап, арнайы актідегі айыптауды алып тастады.
Оқиға кезінде электрмонтер бригада құрамында апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Маман жұмыс барысында кенеттен желіге кернеу берілуі салдарынан ауыр дене жарақатын алып, кейін оған I топ мүгедектігі белгіленді.
Арнайы тергеп-тексеру комиссиясы бұл оқиғада жұмыс берушіні 70%-ға, ал қызметкерді 30%-ға кінәлі деп таныған болатын. Комиссия шешімімен келіспеген жәбірленуші қауіпсіздік шаралары толық сақталғанын айтып, сотқа жүгінді. Алайда бірінші сатыдағы сот қызметкердің әрекетінен өрескел абайсыздық белгілерін көріп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Алайда апелляциялық алқа бұл шешімді өзгертті. Сот бригаданың жұмысқа заңды түрде жіберілгенін, ал жерге тұйықтау құрылғысы кернеудің жоқтығы тексерілгеннен кейін ғана орнатылғанын анықтады.
Инстанция өндірістік жұмыстарды ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік толығымен жұмыс берушінің уәкілетті тұлғаларына жүктелетінін атап өтті. Комиссия электрмонтері тарапынан өрескел абайсыздық болғанын және оның салдармен байланысын дәлелдей алмаған.
Нәтижесінде жазатайым оқиға жұмыс кезінде кернеу берілуіне жол бермеу шараларын қабылдамаған жұмыс берушінің кінәсінен болғаны дәлелденді. Облыстық сот талап қоюды қанағаттандырып, тергеп-тексеру актісінен жұмысшыға қойылған 30% кінә туралы тұжырымды алып тастады.
Сот актісі заңды күшіне енді.
В Атырау +10