Атырау, 23 қараша 16:01
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

“Сырқаттануды білмейміз”: 80 жастағы атыраулық әжелер хореографияны меңгеріп жүр

Сурет
671 просмотра

Атырауда тұратын кәріс әжелер “Тхоньил” корей қоғамының белсенді мүшелері. Олар хорда ән айтып, хореография секциясына қатысады. Араларындағы ең жасы 67 жаста болса, үлкені 83 жастан асқан. 

15-ке жуық әжейлер аптасына 2 рет хореография секциясына келеді. Кәсіби хореографпен бірге қатысушылар корей халқының биін үйрену үстінде. Жақында қариялардың сахнадағы алғашқы дебюті де өткен. 

“Кәріс қоғамы 14 жыл бұрын Атырауда ашылды. Сол кезден бері осы орталықтың белсенді мүшесімін. Зейнетке шыққандар үшін бұл жер уақытты тиімді әрі қызықты өткізетін орын. Бір отбасы сияқтымыз, бір-бірімізді сағынып көрісеміз. “Соронг” тобында хормен ән айтамыз, бимен айналысамыз, ал таңда йогаға келеміз. Бәрі де тегін. Сахнаға шығамыз, жақында алғаш рет би де биледік” - дейді жасы орталықтың ардагерлер кеңесінің төрағасы, 83 жастағы Светлана ХАН.  

Би мен хордан бөлек ардагерлерге йога, тіл курстары, қолөнер үйірмелері ұйымдастырылып тұрады.  Әжелер бір кезде каратэмен де айналысқан. 

[GALLERY]

74 жастағы Галина Цой, бимен айналысқалы өзін сергек, жеңіл сезінетінін айтады. Сондықтан бірде бір жаттығуды қалдырмауға тырысады. 

- Осында келіп басқалармен әңгіме-дүкен құрамыз, би билеп бой жазамыз. Одан қалса көп жаяу жүретініміз бар. Үнемі қозғалыста болғасын, ауру-сырқау дегенді білмейміз. Сахнада түрлі шараларда ән айтып, би билейміз. Біз үшін ол рухани демалыс. Осы өмір салтымнан ләззат аламын, - дейді Галина Цой. 

Сахна көйлектері мен қолдарына алып шығатын сәндік бұйымдарын қатысушыларға “Тхоньил” бірлестігі ұйымдастырады. Клубқа 50 жастан асқан кез келген зейнет жасындағы адамның қосылуына болады. Хорда әжелер 4 тілде ән орындаймыз дейді. 

- Хорда біз көбіне қазақ тіліндегі хит әндерді орындаймыз. Клуб қарттары үшін қазақ тілі курсы да ұйымдастырылды. Бізге кез келген ұлт өкілі қосыла алады. Өз өзіме көңіл бөлгім келеді, уақытымды қызықты өткізгім келеді дейтіндер болса, біздің қатарымызға қосылуына болады. Бұл жерде бір-бірімізге бауыр болып кеттік. Қуанышта да, қайғыда да біргеміз, отбасылық шараларымызда да ешкімді қалдырмаймыз ,- дейді клуб жетекшісі Светлана Хан. 

"Ұзақ және ауру-сырқаусыз өмір сүрудің құпиясы - үнемі қозғалыста болу", - дейді қариялар. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

12 тамыз, 14:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.