Геолог емханасына қарасты жаңа медициналық амбулатория 13 мыңнан аса тұрғынға қызмет көрсетеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Жұлдыз дәрігерлік амбулаториясының ерекшелігі, мұнда зертхана мен күндізгі стационар бар. Айта кетейік, жергілікті тұрғындар осыған дейін Геолог емханасына тіркелген болатын. Енді олар өз аумағындағы жаңа амбулаториядан ем алады. Бұл ретте Геолог емханасының жұмысы жеңілдеп, науқастарды қабылдау кезегі де қысқарады. Бұл жергілікті халықтың сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар АБДАЛИЕВ.
Жаңа нысан қажетті құралдармен толық жабдықталған. Мұнда зертханалық құралдар және тіс емдеуге арналған аппараттар да бар. Науқастарға 8 дәрігер мен учаскелік мейірбикелер және акушер-гинеколог пен тіс дәрігері қызмет көрсетеді.
Бұдан бөлек, салтанатты іс-шарада 3 қызметтік автокөлік табыс етілді. «Haval M6» маркалы жеңіл автокөліктер жедел қызмет үшін ыңғайлы. Сондай-ақ, көлік іші толықтай медициналық құралдармен жабдықталған. Айта кетейік, бұл көліктер Геолог емханасының теңгеріміне берілді
Анықтама үшін: Қазір облыс бойынша 11 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында Құрманғазы, Қызылқоға, Индер, Исатай аудандарының 15 ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қарқын алған. Сонымен қатар, 2027 жылға дайын 24 медициналық нысан салу көзделіп отыр. Барлығы 60-қа жуық нысан халық игілігіне беріледі деп күтілуде.