Қаламызда алимент төлемеген және мемлекетке қарызы бар борышкерлердің автокөліктері анықталған жағдайда, бағаланып, қарыздарын өтеу үшін сауда-саттыққа шығарылуы мүмкін. Осы мақсатта 7-17 тамыз аралығында рейдтік іс-шаралар өтеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл шараның биылғы ерекшелігі туралы Атырау облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Гүланда Қыстаубаева айтып берді.
Оның айтуынша, аталған рейдттің мақсаты - атқарушылық құжаттардың мәжбүрлеп орындалуын жүзеге асыру. Алимент төлемдері бойынша жалтарып жүрген борышкерлерді іздестіру, олардың мекенжайын анықтау, борышкердің мүліктерін анықтап, арнайы айыппұл тұрағына қою бойынша шаралар жүргізілуде. Қазір 9600 алимент орындалуда. Әкімшілік айыппұлды өндіру туралы жалпы орындауда 14 мың құжат бар, оның 12 мыңы Полиция департаментінің қаулылары. Рейдтің 1 күнінде 7 автокөлік арнаулы тұраққа қойылып, барлық автокөліктердің қарыздары 3 миллион теңгеден астам екені анықталды.
Бұл іс-шара Атырау облысы Әділет департаменті, Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы және Атырау облысының полиция департаменті, Атырау облысы мемлекеттік кірістер департаментімен бірлескен іс-қимыл тәртібі туралы бірлескен бұйрығы негізінде жүргізілуде.