«АЖ» тілшісі пайдалануға беріледі деп уәде етілген мектептердің қайсысы әлі балаларды қабылдауға дайын еместігін тексерді.
1977 жылы пайдаланылуға берілген Көктоғай ауылындағы Б.Нысанбаев атындағы орта (454 орындық) мектепте жыл сайын шамамен 532 оқушы оқиды. Сыйымдылығы жағынан (2,5 текше метр болуы керек) тар мектепке қосымша жапсаржай салу көптен айтылып жүрген болатын. 2023 жылдың сәуірінде 120 орындық жапсаржай құрылысын сол жылдың қарашасында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда мердігер "ГрадСтройСервис" ЖШС жұмысын уақтылы аяқтамай, жұмыс кестесінен кешікті. Бүгінде жапсаржай құрылысы қайтадан жалғасын тапты. Өйткені құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты сметалық құжатына өзгерістер енгізілген болатын. Жалпы қаржысы 485 млн 988 мың теңгеге жапсаржай құрылысы 2025 жылы жылы аяқталуы тиіс.
Есбол ауылындағы 320 орындық мектеп құрылысы "сақалдыға" айналған. Жалпы мектеп құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Бюджеттен 1 млрд 445 млн теңгеге бағаланған мектепті конкурс қорытындысымен ақтаулық "ОңдасынСтрой" ЖШС жеңіп алған болатын. Алайда бірнеше рет құрылыс жұмысы тоқтап қалған мектеп құрылысы бойынша облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ 2023 жылдың сәуір айында есболдық тұрғындармен кездесуінде жаңа мектеп құрылысы сол жылдың қыркүйек айына дейін бітіп, балаларды қабылдайтынын айтқан болатын. Бірақ ол уәде орындалмады.
Есболдық оқушылар 1 қыркүйекте 1936 жылы салынған апатты мектепте оқуға мәжбүр болып отыр. Екінші қабаты толық қаланып бітпеген жаңа мектепте қыруар жұмыс бар. Кестеден кешіккен мердігерді тапсырысшы облыстық құрылыс басқармасы Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотқа беріп, жосықсыз қатысушы деп танылған.
Индербор кентінде 300 орындық мектеп гимназиясы мен 200 орындық интернат құрылысы 2022 жылдың 29 маусымында басталып, 2024 жылдың 20 желтоқсанында аяқтау көзделген еді. Жалпы сомасы 2 млрд 690 млн теңгенің құрылысын "Нуркапстрой" ЖШС жеңіп алған. Осы мерзім ішінде осы қаржының 724 млн теңгесін ғана игерген еді.
- Жасыратыны жоқ, жұмысымыз тоқтап қалып кідіріс болды. Оның үстіне биыл уақытында бастап кетуге су тасқынына байланысты жолдар жабылып, құрылыс материалдарын тасымалдауда қиындық туғызған болатын. Қазір мұнда 30 шақты адам еңбек етіп жүр. Құрылыстың 70 пайыз жұмысы атқарылды. Итернаттың төбе жабындысы жасалып, гимназия ғимаратында сылақ жұмыстары жүріп жатыр, - дейді учаске бастығы Сабит НӘБИ.
- Индер ауданындағы мектеп құрылыстарын аяқтау барысында жұмыстар жасалып жатыр. Есболдағы 320 орындық мектеп құрылысын мерзімінен кешіктірген "ОңдасынСтрой" ЖШС-ін жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде сотқа талап арыз берілді. Енді ол серіктестікпен келісім шарт бұзылып, конкурс жеңімпазы болған "Сала" ЖШС жұмысын әрі қарай жалғастыруда. Бұл нысан 2025 жылы пайдалануға берілетін болады. Ал Көктоғайдағы Б. Нысанбаев жапсаржайын "ГрадСтройСервис" ЖШС жалғастыруда. Бұл да келесі жылы пайдалануға беріді. Ал Индербор кентіндегі гимназия мен интернат құрылыстарының сметалық құжатына өзгерістер енгізіліп, 2025 жылдың 9 ақпанында бітпекші, - дейді облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор