Атырау қаласындағы Тұлпар №1, Тұлпар №2 тұрғын үй кешендерінің жылу бекеттері маусымға дайын. Бұдан өзге, қаладағы 10 жылыту станциясы жаңартылуда, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Аталған тұрғын үй кешендерінің жылу бекеттеріне жаңа 3 жылу қазандығы, 2 жылу алмастырғыш, 7 жылу айналдырғыш орнатылды. Ендігі кезекте Бейбітшілік №62, Байжігітова №74, Ахмедиярова №23-23а, Жұлдыз №64, Сұңқар, Ақжарма №10, Т.Жұмағалиев №17, Габдиев №34 және Болашақ №51 мекен-жайларына қарасты жылу бекеттерінің құрылғылары жаңартылады, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы А.Кенжебеков
Айта кетейік, аталған мекен-жайлардан бөлек, қаладағы 1034 үй орталық жылу жүйесіне қосылған. Осыған дейін мәлім еткеніміздей, қазір «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» стансасының жылу желілері де жаңғыртылуда. Басқарма басшысының айтуынша, бұл жұмыстар жылу беру маусымына дейін аяқталады. Сонымен қатар, қазір әлеуметтік нысандарға қосымша жылу қазандықтары мен генараторлық сорғы орнатылуда.