Бүгін Атырау автопаркі төрт бағытқа қатынайтын жаңа автобустармен толықты. Олар 10,20,21 және 22 бағыты бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қатары көбейген қоғамдық көліктерді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін салтанатты түрде табыстады,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Тұрғындар дәл осы нөмірлі автобустарды аялдама ұзақ күтетінін айтып, санын көбейту туралы ұсыныс білдіріп жүрді. Бүгін осы мәселе оң шешімін тауып, “Algabus” ЖШС-нің автопаркі әрқайсысы 22 орындық 20 автобуспен толықты. Азаматтар қала аумағында еркін қатынап, барар жеріне алаңсыз уақытын үйлестіреді деген сенімім мол.
Халықтың мұң-мұқтажын шетке ысырмай, қоғамдық көлік бағытын жүйелеп, қызмет көрсету сапасын арттырып жатқан автопарк иелеріне алғыс білдіремін!-деді Ш.Кейкін.
Қарағанды облысының Сарань қаласында жинақталған "Yotong" маркалы автобустар заманауи климаттық басқару жүйесімен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар еркін мініп-түсуі үшін жиналмалы пандусы қойылған. Сырты және ішкі бейнебақылау камералары орнатылған.
Анықтама үшін: қала мен қала маңында жолаушыларды тасымалдайтын барлығы 237 автобус бар.