Атырау, 23 қараша 16:56
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Мирасқа» қашан көңіл бөлінеді

Сурет
625 просмотра

«Жаңбыр жауса кәріз суымен араласып ауламыз суға кетеді, мектепке баратын тротуар жол, балаларға ойнайтын ойын алаңы жоқ» деп шағымданған қала маңындағы «Мирас» ықшамауданының тұрғындары жергілікті әкімдіктен өмір сүруге қолайлы орта жасап беруін сұрайды.

Тұрғындардың айтуынша ықшамаудан мәселесінің шешімі жылдан жылға кейінге шегеріліп, билік назарынан тыс қалып келеді. Тұрғындардың мәселесін айтып бармаған жері, баспаған тауы қалмапты.

 - Үш жылдан бері әкімдікке айтып та, жазып та жатырмыз. Ешқандай өзгеріс жоқ. Мәселеміз шаш етектен. Жаңбыр жауса, үйлер суға кетеді, кейбіреулердің ауласына су толады. Ваккум шақырып суды сорғаннан еш пайда болмай тұр, қайтадан жинала береді. Балалар ойнайтын алаң да ойыққа салынған, сол себепті айлап судың ортасында тұрады. Одан бөлек, жаяу жүргіншілерге арналған жол мен автобус мәселесі шешілмей келеді, - дейді жергілікті тұрғын Сейітқали ТОЙЛЫБАЙ.

Мирас ықшам ауданында мыңнан астам үй бар. Бір ай бұрын қала әкімі Шәкір КЕЙКИН елді-мекен тұрғындарымен жиналыс өткізген. Жиында халық мәселелерін жеткізіп, шешіп беруін сұраған. Алайда ешқандай ілгері әрекет жоқ, мәселеміз сол күйі қалды, дейді халық.

 - Қала әкімін, бөлім басшыларын өзіміздің тұрғындардың чатына қостық. Мәселеміз шешімін таппағасын, жиналысымызға облыс әкімін қатысуын сұрадық. Залға халықты жинап күттік, бірақ әкімдіктен ешкім келмеді. Кейін әкімдіктегілер ондай жиналыс ұйымдастырудың өзіндік талабы бар екенін айтты. Ал біздің бір ғана талабымыз бар - жағдайымызды көріп, әкімдіктегілер мәселемізді тездетіп шешіп берсін, - дейді тұрғын.

Сондай-ақ тұрғындар балалар мектепке дейін жеткенше балшық кешуге тура келетінін айтады. Өйткені кей көшелерде тротуар салынбаған. Орталыққа жұмысқа қатынайтындар үшін де жағдай жасалмапты. Бір бағытпен жүретін жалғыз маршрут саны жеткіліксіз, таңертең автобустарға сымай қаламыз, дейді тұрғындар.

Мирас елдімекені тұрғындарының мәселесін қала әкімі тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Қазіргі кезде кәріз жүйесін салу бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұдан бөлек басқа мәселелерді қала әкімі күрделілігіне байланысты ретімен шешілетінін жеткізді, - деп жауап берді Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Тұрғындардың енді уәдені күтуден басқа амалы жоқ.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті тұрғындар жолдады

6 тамыз, 12:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.