
Қазан айында Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында қайталама тұрғын үй бағасы салыстырмалы түрде тұрақты болды. Сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде пәтер жалдау құны төмендей бастады. Бұған қоса ипотекалық бағдарламалар мен Ұлттық банктің ақша-кредит саясатына қатысты өзгерістер болды, деп хабарлайды Krisha.kz.
Тұрғын үй бағасы мен жалдау ақысы
Бір айда еліміздің барлық дерлік өңірінде қайталама нарықтағы тұрғын үй арзандады немесе бағасы өзгеріссіз қалды. Орташа өсім небәрі 0,1 пайызды құрады. Жыл басынан бері тұрғын үй бағасы 2,4 пайызға, ал бір жылда 6 пайызға қымбаттаған.
Ірі қалалардағы бір шаршы метрдің орташа бағасы төмендегідей:
Астана — 618 253 теңге (жыл басынан бергі ең жоғары көрсеткіш, 10 айдағы өсім — 8,1 пайыз);
Алматы — 794 965 теңге (жыл басынан бері 1,1 пайызға төмендеген);
Шымкент — 473 868 теңге (жыл басынан бері 1,3 пайызға төмендеген).
Жыл басынан бері пәтерлер ең көп қымбаттаған қалалар — Көкшетау (+10,9 пайыз) мен Павлодар (+7,9 пайыз). Ал ең айтарлықтай арзандау Ақтауда тіркелген (-7 пайыз).
Сонымен қатар қазан айында пәтер жалдау ақысы төмендеді. Астана, Павлодар, Ақтау және Қарағанды қалаларында екі және үш бөлмелі пәтерлердің жалдау құны 20–50 мың теңгеге арзандаған.
Әдеттегідей, жалдау ақысы ең қымбат қалалар — Алматы (бір бөлмелі пәтер — 227,5 мың теңгеден бастап) мен Астана (240 мың теңгеден бастап). Ал ең қолжетімді жалдау ақысы Таразда тіркелген.
Ипотекалық бағдарламалар мен «Отбасы банктегі» өзгерістер
Қазан айында ипотекалық несие нарығында бірқатар жаңалық болды:
«7-20-25» бағдарламасы: биылғы соңғы 25 млрд теңгелік лимит бойынша өтінім қабылдау басталды. Жалпы 10 айда 84,8 млрд теңге сомасына 4 172 несие берілген.
«Наурыз» бағдарламасы: төлем қабілеттілігін растаған қатысушыларға несие рәсімдеу мерзімі 2026 жылғы 30 желтоқсанға дейін ұзартылды.
«Ұмай» әйелдер ипотекасы: 3 қарашада 20 млрд теңге бюджет бөлінген өтінім қабылдаудың екінші кезеңі басталады. Енді өтінімді онлайн ғана емес, банк бөлімшелерінде де беруге болады.
Аралық қарыздар: «Отбасы банк» серіктес құрылыс компанияларынан тұрғын үй сатып алатындарға депозит бойынша бағалау көрсеткішіне жету үшін алты ай күтпеуге рұқсат берді. Алғашқы серіктес компания — BI Group.
Комиссиялардың өсуі: 31 қазаннан бастап банк 50 млн теңгеден асатын сомадағы қарыздарды беру комиссиясын арттырды. Комиссияның ең жоғары мөлшері 300 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін өсті. Бұл өзгеріс клиенттердің шамамен 8 пайызына ғана әсер етеді.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі
Қазақстанның Ұлттық банкі инфляцияның қыркүйекте 9,3 пайызға дейін баяулауына байланысты базалық мөлшерлемені жыл ішінде төртінші рет төмендетті. Жылдық мөлшерлеме 16,25 пайыздан 15,75 пайызға дейін азайды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл болашақта нарықтағы кредиттердің біртіндеп арзандауына алғышарт қалыптастырады. Алайда коммерциялық банктер несие шарттарын бірден емес, белгілі бір уақыт өткен соң қайта қарауы мүмкін.
В Атырау +15.2