Олжас Бектенов Президенттің Атырау облысындағы мұнай, газ химиясын және өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Атырау облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов өңір өнеркәсібінің дамуымен танысты. Индустриалды компанияларға, мұнай-газ химиясы секторының кәсіпорындарына барды. Президенттің терең өңдеуге көшу және өнімнің ішкі құнын арттыру арқылы экспорттың шикізаттық бағытынан бас тарту және экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасының орындалуы тексерілді.
Атырау облысы еліміздің мұнай-газ химиясы саласындағы жетекші өңірі. Мұнда мұнай қорының 80%-на дейін шоғырланған, Теңіз бен Қашаған ірі кен орындары орналасқан. Қашағанда қазіргі уақытта жобалық қуаты жылына шамамен 1 млрд текше метр болатын «GPC INVESTMENT» ЖШС газ өңдеу зауытын салу бойынша ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Үкімет басшысына шикі газды қайта өңдеудің ұлттық бағдарламасы аясында жұмыс жүргізіліп жатқаны баяндалды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 11%-ға аяқталды, бұл ретте нысанның жалпы дайындығы 23%-ға жетеді.
Олжас Бектенов QazaqGaz компаниясы қатарлық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаның маңызын атап өтті. Зауытты пайдалануға беру еліміздің өңірлеріне қосымша газ көлемін жіберуге мүмкіндік береді. Үкімет басшысы Энергетика министрлігі мен QazaqGaz-ға кәсіпорын құрылысының қарқынын жеделдетіп, 2026 жылға дейін аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ Премьер-Министрге мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының Қашаған кен орнынан зауытқа шикізатты тасымалдауды қамтамасыз ететін құбыр салу жобасын іске асыру жөніндегі жоспары туралы мәлемет берілді. Мәселен, бүгінгі таңда NCOC QazaqGaz-бен бірлесіп жылына 700 мың тоннаға дейін сұйытылған көмірсутекті газды нарыққа жеткізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге жылына 1 млрд текше метр газ тасымалдауды қамтамасыз ететін құбыр инфрақұрылымының құрылысын аяқтауда. Өз кезегінде, Фаза 2А жобасы жылына 2,5 млрд текше метр, ал Фаза 2B – 6 млрд текше метр газ тасымалдауды көздейді. Іске асырылып жатқан жобалар Қазақстанда ішкі газ жеткізілімдерін ұлғайтуға бағытталған.
Олжас Бектенов «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI) полипропилен өндіру зауытында болды. Интеграцияланған газ химиясы кешені – Теңіз кен орнынан шикізатты қайта өңдеу бойынша қуаты жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайтын еліміздегі алғашқы жоба. Зауыт іске қосылған сәттен бастап 341,4 мың тонна түйіршікті полипропилен өндірілді.
Үкімет басшысына кәсіпорын 2022 жылы іске қосылған сәттен бастап Қазақстанда полипропилен құны тұрақты түрде – зауыт жұмысының бастапқы кезеңіндегі тоннасына 650 мың теңгеден қазіргі 450 мың теңгеге дейін төмендегені баяндалды. Бүгінгі таңда, Маркет Репорт мәліметіне сәйкес, бұл Ресеймен салыстырғанда ең төменгі сома, онда баға тоннасына $1 280 жетеді, Беларусьте – $1 295, Өзбекстанда – $1 090. Зауыттың негізгі міндеті – ішкі қажеттілікті қамту. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанның полипропилен нарығының құрылымындағы KPI кәсіпорнының үлесі 2%-ды құрады, бұл ретте импорт 63%-ға жетті. Биылғы екінші тоқсанға қарай арақатынас өзгерді: зауыт үлесі 25 есеге жуық өсіп, 49%-ды құрады, импорт 22%-ға дейін төмендеді. Өткен 6 айда KPI 133 мың тонна өнім өндірді, 2025 жылға арналған жоспар – 507 мың тонна полипропилен. Қазақстандық кәсіпорын өндіріс қуаты жөнінен Өзбекстан өндірісінен 5 есе (100 мың тонна), Түркиядан – 3,5 есе (144 мың тонна), Түрікменстаннан – 3 есе (171 мың тонна), Әзербайжаннан – 2,7 есе (180 мың тонна) алда.
«Ішкі нарыққа өнімді төменгі бағамен өткізуді қамтамасыз етуге ұмтылуымыз керек. Біздің басты міндетіміз – отандық өндірушілерді қолдау. Сіздердің өнімдеріңіз арқылы шағын және орта кәсіпорындардың одан әрі дамуы маңызды. Сондықтан дайын өнімді бірінші кезекте ішкі нарыққа жөнелту керек, қолда бар артығы экспортқа жіберілуі тиіс. Бұл саясатты қатаң жүргізу қажет, себебі KPI кәсіпорны ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Зауытта шикізат терең өңдеуден өтеді. Құрылыс, медицина, автомобиль жасау, азық-түлік және тоқыма өнеркәсібі салаларында таптырмайтын 10 полипропилен маркасы өндірісі жолға қойылған.
Полипропилен өндіретін кәсіпорынды аралау аясында Үкімет басшысына «Доссор – Атырау» автожолын қайта жаңарту жобасы таныстырылды. Ұзындығы 86 км республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» магистралінің учаскесін 4 жолаққа дейін кеңейту ұсынылып отыр. KPI зауытында шығарылатын полипропилен беріктікті арттыру және жалпы пайдалану сапасын жақсарту үшін жол құрылысында қолданылады. Осылайша, зауыт өнімдерін құрылыс индустриясында да кеңінен қолдану жоспарда бар.
Атырауда Премьер-Министр мұнай өңдеу зауытының қазіргі жағдайымен және дамыту жоспарымен танысты. Жобалық қуаты жылына 5,5 млн тоннаны құрайтын Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) бүгінде мұнай өнімдерінің 35-ке жуық түрін шығарады. Биылғы 7 айда шикізатты қайта өңдеу көлемі 3,4 млн тоннаны құрады.
Үкімет басшысы АМӨЗ-де хош иісті көмірсутектер өндіру мен мұнайды терең өңдеудің технологиялық процесімен танысты. Бұл кешендер 2003-2018 жылдар аралығында үш сатылы жаңғырту барысында салынды, ол бензол мен параксилол өндірісін іске қосуға, отын сапасын К4/К5 экологиялық санатына дейін жеткізуге, қайта өңдеу тереңдігін 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Алдағы күзгі дала жұмыстарын ескере отырып, Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын тұрақты өндіруді және тиеп-жөнелтуді толық көлемде қамтамасыз етуді тапсырды.
«Жартыжылдық қорытындысы бойынша мұнай өндірудің 1,6%-ға төмендегенін көріп отырмыз. Сонымен қатар бізде экономиканың басқа салаларында өсім бар. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталуда, 6 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 5,1% деңгейінде. Құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6%-ға, көлік және қоймалау – 7,3%-ға, ақпарат пен байланыс 8,7%-ға артты. Ел экономикасы шикізатқа тәуелділіктен арыла отырып, өңдеу өнеркәсібіне басымдық бере отырып дамуы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Өңдеу өнеркәсібі салаларында өндірістің машина жасауда 9,4%-ға, металл бұйымдарын өндіруде – 30,3%-ға, химия өнеркәсібінде – 5,3%-ға өсуі қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ Премьер-Министрге мұнай өңдеу зауытын одан әрі жаңғырту жоспары таныстырылды. Экологиялық мәселелерге – ауаға, жер асты суларына, флора мен фаунаға әсерін азайтуға ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Тазалық» жобасы шеңберінде механикалық тазарту құрылыстары мен нормативті түрде тазартылған ағынды суларға арналған арнаны реконструкциялау, сондай-ақ булану алаңдарын рекультивациялау көзделген. Бүгінде жұмыстың бір бөлігі аяқталды. Қайта құру нәтижесінде сарқынды суларды тазарту тиімділігі 96%-ға жетті, мұнай өнімдерінің мөлшері 25 мг/л-ден аспайды. Булану алаңында 431 га жер қалпына келтірілді. Жалпы өңірде мұнай өңдеу жұмыстарын дамытуды ескере отырып, экологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр, деп баяндады Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов. Атап айтқанда, тазарту құрылыстары реконструкцияланды, 2025 жылға қарай қоқыс полигондары толығымен санитарлық талаптарға сәйкес келтірілетін болады.
Үкімет басшысы «Жігермұнайсервис» зауытында болып, өңірдегі машина жасау саласының даму қарқынымен танысты. Бүгінде облыстың өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 10%-ды құрайды. Бұл ретте машина жасау саласы жергілікті ерекшелікті ескере отырып, негізінен мұнай-газ қызметіне арналған тауарлар мен қызметтерді ұсынады.
«Жігермұнайсервис» – еліміздегі мұнай өндіру мен қайта өңдеуге арналған инновациялық өнім өндіретін негізгі кәсіпорындардың бірі, сондай-ақ бұрғылау қызметі бойынша көшбасшы. Дамудың перспективалы бағыты – тау-кен секторындағы кәсіпорындарға арналған құрал-жабдықтар шығару. Бүгінде зауыт бұрғылау-жару жұмыстарына арналған бұрғылау құралдары өндірісін іске қосты, деп хабарлады «Жігермұнайсервис» директоры Эльдар Байболов.
Кәсіпорын сервистік, металл кесу, ұсталық, дәнекерлеу жабдықтарын, 10 мың жоғары білікті қызметкерді қоса алғанда, қуатты өндірістік әлеуетке ие. Осыған байланысты Олжас Бектенов нарықтың ішкі қажеттілігін өтеу үшін өндірісті кеңейтіп, қуатын арттыру керегін атап өтті.