Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарынан кейін басталатын XVII жазғы паралимпиадаға жолдама алды, деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Еліміздің абыройын әлемдік ареналарда қорғап жүрген спортшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде оқитын Альфия Әділқызын Парижге сапары алдында университет басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов қабылдап, әлемдік додада жеңіске жетуіне сәттілік тіледі.
ҚР чемпионатының жеңімпазы, әлем чемпионатының командалық белдесуінде қола жүлде, Финлиндияда өткен халықаралық турнирда күміс жүлде иеленген Альфия: «Паралимпиадаға парадзюдадан 57 келі салмақта күресуге жолдама алдым. Осы уақытқа дейін Азия чемпионатында чемпион атандым. Бұл менің ең үлкен жетістігім», - деді.
Альфияның жаттықтырушысы Жандос Қарақожаұлы Альфияның 2022 жылдан бастап парадзюдомен айналысып, көптеген жетістіктерге жеткенін, сондай-ақ қазіргі таңда ұлттық құрамадағы ең жас дзюдошы және болашағынан үміт күттіретін палуандардың бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар Атырау университетінің дене шынықтыру мамандығының 2024 жылғы түлегі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Али Махұлбеков пара үстел теннисінен жарысқа қатысуға лицензия алды.
XVII жазғы Париж-2024 Паралимпиада ойындары 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді. Олимпиада қатысушылары 23 спорт түрінен 549 медальды сарапқа салады.
Спортшы студенттерімізге сәттілік тілейміз!