Атыраулық дзюдошы Ермек Амангелді күші мен ептілігімен жанкүйерлерін таң қалдырып келеді. Жақында Бангкокта өткен Азия кубогында бес жекпе-жек өткізіп, барлығында иппон есебімен жеңіске жеткен.
Былтыр Ермек әскери қызметшілер арасында өткен Азия чемпионатында әдеттегі 66 келі салмақтан 73 келіге дейінгі «ересек» салмаққа ауысты. «Дебют» сәтті өтті.
***
20 шілдеде футболдан Қазақстан Лигасы Кубогының топтық кезеңінің 3-турының матчы өтті.
«Атырау» сырт алаңда семейлік «Елімаймен» кездесіп,... 0:3 есебімен жеңіліп қалдық. Қарсылас командада Али Пайруз, Розарио Шина және Даниил Пейчиков көзге түсті.
***
Петропавлда муай-тайдан жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті.
«Қайсар» спорт клубының командасы сәтті өнер көрсетті: атыраулық спортшылар 4 алтын, 3 күміс және 4 қола алқа жеңіп алды. 14-15 жас, 42 келіге дейінгі салмақта Өтеген Еламан, 14-15 жас, 57 келіге дейінгі салмақта Кирилл Полфунтиков, 16-17 жас, 51 келіге дейінгі салмақта Бисембай Арсен және 16-17 жас, 91 келіден жоғары салмақта Сайын Нұрхан чемпион атанды. Осы нәтижемен біздің команда Алматы облысы мен Алматы қаласының командаларына орын беріп, 3-орынға ие болды.
***
Токиода екі жыл сайын өтетін көптен күткен Dream Karate - 2024 спорт фестивалі өтті.
Халықаралық турнирге жиырмадан астам елден 3755 спортшы қатысты. Турнирге белсене қатысқан Атырау құрамасы сапында киокушинкай каратэ-додан облыстың аға жаттықтырушысы Нұржан Кенжеболатовтың жетекшілігімен 4 спортшы қатысып, 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 58 кг-ға дейінгі салмақта Кирилл Ким қола жүлдегер атанды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ