24- 26 шілде күндері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Баку қаласына жұмыс сапары барысында Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясының (SOCAR) президенті Ровшан Наджафпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Тараптар ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады. Еске сала кетсек, 2022 жылы ҚМГ мен SOCAR Ақтау – Баку – Джейхан бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна мұнай транзитіне қатысты келісім қабылдаған болатын.
Кездесуде Қазақстан мұнайы тұрақты тасымалданып жатқандығы айтылды. 2023 жылы Ақтау портынан 1,057 млн тонна мұнай жөнелтілді, ал биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 700 мың тоннадан асты.
А. Хасенов ҚазМұнайГаз бұл экспорттық бағытты одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Қазіргі уақытта ҚМГ серіктестерімен бірлесіп, Транкаспий бағыты бойынша жеткізілетін қазақстандық мұнай көлемін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруда.
ҚМГ Басқарма төрағасы қос компанияның бірлескен бастамалары табысты іске асырылатынына сенім білдірді.
Кездесуде декарбонизация саласындағы екіжақты ынтымақтастық перспективалары да талқыланды.
Сонымен қатар А.Хасенов Бакуге жұмыс сапары барысында Қазақстан мұнайының транзитіне тартылған BP Sangachal және Azertrans терминалдарының жұмысымен танысты. Қазақстандық «Ақтау» танкерінде болып, экипаж мүшелерімен кездесті.