Жылыой ауданы Құлсары қаласының тумасы, 19 жасар Досымжан СӘЛІМЖАН әскерге аттанып, алты айдан кейін темір табытпен оралды. Жүрегі қан жылаған ата-анасы ұлдарының аурудан емес, әскердегі әлімжеттіктің салдарынан көз жұмды деп санап, әділ тергелуін талап етуде.
Ата-анасының айтуынша, Досымжан ақжарқын, еңбекқор бала болып өскен. 8-сыныпты бітірісімен каникул кезінде жеке шаруа қожалығында жұмысшы болып еңбек етіпті. Мал бағысуға көмектесіп, қой бағып жәрдемдесіп, тіпті мал азығын дайындауға қатысқан. Аттың құлағында ойнаған Досымжан спортпен шұғылданып, өзін-өзі шынықтырған, шымыр болып өседі. Анасының айтуынша, денсаулығына бұрын-соңды шағымданған емес, сырқаттығы жөнінде есепте тұрмаған (бұған форма №027 дәлел). 2023 жылдың 11 қазанында Д. Сәлімжан мектепті бітіре сала әскери борышын өтеуге өз еркімен сұранып аттанып, Жетісу облысы Сарыөзек гарнизонындағы №29\108 әскери бөлімде борышын өтей бастайды. Ант қабылдағанда әке-шешесі келіп, ұлымен қауышып, жүздескенде ешқандай оғаштықты байқамағынын айтады.
- Ұлыммен хабарласып, жағдайын біліп тұрдық. 3 мамыр күні жұмыстан келсем хабарласып, қызуы аздап көтеріліп, ауырып тұрғанын айтты. Бірақ Досымжанның бір нәрсені жасырып тұрғанын аналық жүрекпен сездім. Қалайша аяқастынан қызулап ауырып тұр деп ойлап берекетім кете бастады. Бірнеше сағаттан соң оны әскери санчастьқа жатқызып тексеріп, кейін 170 шақырымдағы Алматыдағы госпитальдың жансақтау бөліміне түскенін хабарлады. Құлсарыдан Атырауға келіп Алматыға ұшақпен ұштық, жансақтау бөлімінде жатқан ұлыммен жүздестік. Дәрігерлер баламның екі бүйрегін істен шыққанын, өкпеге, бауырға, асқазанға су толып кеткенін айтты. Әскерге сап-сау кетіп, қалайша осыншама ауруды бір сәтте жамап алады деп ойлап күдіктене бастадым. Дәрігерлер жансақтау бөлімінде жатқан ұлыма екі-үш ай ем-дом жасалады деді. Біз сендік. Мен Facebook желісінде баламның жансақтау бөліміне түсіп қалғанын айтып президентке үндеу жолдаған болатынмын, - дейді анасы Ардақ ИМАНҒАЛИЕВА.- 9 мамырда мен ұлымнан шындықты айтшы дедім, бүкіл Қазақстан білсін. Маған айтпасаң да ағаң Батыржанға айтшы дедім. Өзін әскерде ұрып-соққанын, оған кінәлі жанды айтып кетіпті. Оның ағасына айтқанын әлеуметтік желіде жариялаған болатынбыз. Негізі ант қабылдағанға дейін тыныш болып, кейін жиі ақша сұрайтынды шығарған. «Неге керек» десек, «тамақ аламыз» дейтін. Басқалай дым айтпады, тіпті артынан несие де алыпты. Ұлым әскерде жүріп қатарластарымен жазған жазбасында ұрып соғатыны жөнінде айтқан. Мен оны тергеу бөліміне тапсырдым. Бірақ іс осыншама насырға шауып, өміріне қауіп төндіріп тұрғанын білмедік. Әлеуметтік желіде әскерден қашып кетіпті, суицид жасады, ауруханада қайтыс болып кеткен дегенді еститін едік. Айналғанда әскерге шабытпен барған ұлым табытпен оралды.
13 мамыр күні Досымжан қайтыс болып, 14 мамырда әскерилер елге денесін алып келеді. ҚР Әділет министрлігінің Оңтүстік-Шығыс өңірі бойынша «Сот сараптамасы орталығы» филиалының директоры Е. ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ Досымжан Сәлімжан «Қолқа аневризмасынан» қайтыс болғаны жөнінде анықтама береді. Жылап-сықтап жер қойнына берген қаралы күні анасы «ұлым сенің өліміңе себепкер болғандар жазасыз қалмайды» деген болатын. Осыдан кейін Досымжанның ата-анасы кінәлілерді анықтап, әділеттік орнатумен күреседі. Бас Әскери прокуратурасы қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған болатын, сараптама тағайындалып, күдікті лейтенант уақытша қамауға алынған еді.
- Әскерге неге жібердім, неге рұқсат еттік деп ойлаймыз. Баламмен бірге оқыған ұл, қыздарды көргенде көз жасымыз тиылмай, өкініштен өзегіміз өртенеді. Айналғанда ауылдан әскерге келгенге дейін дені сау ұлымды ауру етіп шығаруда. Егер денсаулығында кінәрат болса қалайша әскерге жібереді. Сол себептен ауырып өлген дегенге келіспей, әділ тергелуін талап етеміз,-дейді Досымжанның әкесі Беркін БЕКМУРЗИН.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА