Түркіменстанда Түркия визасын алғысы келетін азаматтардың өтініштерінің көбі қабылданбай жатыр. Оған Түркияның виза режиміне енгізген өзгертулері себеп деп айтылады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Түркия елшілігі жақында визаға құжаттар қабылдауды тоқтатып, бұл істі жеке агенттікке өткізіп берген. Онда виза үшін алатын алым 60 доллардан 200 долларға өскен.
Оның үстіне Түркия визасын алу үшін бір күнде жазылған 150 арыздың тек үшеуі ғана қанағаттандырылған. Бұл өтініш берушілердің наразылығын туғызған.
"Виза алғандардың бірі студент, екіншісі кәсіпкер, үшіншісі жұмыс визасына арыз берген азамат. Туристік виза алғысы келген 147 адамның өтініші қанағаттандырылмады. Виза үшін төлеген 200 долларды енді қайтара алмай жатыр" дейді Азаттықтың Түркімен қызметінің дереккөзі.
22 шілдеде ақшасын ала алмаған азаматтар Түркияның Ашғабаттағы елшілігі алдына жиналды. Бірақ елшілік өкілдері виза мәселесіне қатысы жоқ екенін айтты.
Бірақ дереккөздің мәліметінше, жиналған жұрттың алдына агенттік өкілі шығып, ақшаларын қайтарып беруге уәде берген.