Атырау, 23 қараша 21:38
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

ҚМГ басшысы Лукойл және СИБУР басшылығымен кездесті

911 просмотра

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов 18 шілдеде Мәскеуге іссапармен барып, ресейлік серіктестермен кездесулер өткізді, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

«Лукойл» ЖАҚ басшылығымен өткен кездесуде ортақ жобалардың ағымдағы мәртебесі қаралды. Атап айтқанда, Теңіз және Қарашығанақты кеңейту, сондай-ақ қазіргі уақытта жобалау бойынша мердігерді таңдау рәсімі жүріп жатқан «Қаламқас-теңіз/Хазар» жобасын іске асыру мәселелері қозғалды. Тараптардың жоспарына сәйкес, салмағы 14 мың тонна металл конструкциялары бар теңіз платформасының жоғарғы бөлігінің құрылысы қазақстандық верфте жүргізілуі тиіс.

А. Хасенов «ҚазМұнайГаздың» «Лукойлмен» ынтымақтастықты нығайту бағытының өзгермейтіндігін растап, бірлескен бастамалардың табысты іске асуына сенім білдірді.

«СИБУР» компаниясының Басқарма мүшесі – атқарушы директоры Павел Ляховичпен кездесуде компаниялардың ортақ «Силлено» жобасы, яғни Атырау облысында салынатын қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін кешен құрылысы жобасын іске асыру барысы талқыланды.  

Қазіргі уақытта жоба бойынша жұмыс базалық дизайн әзірлеудің соңғы сатысында. Жоба үлескерлері – «ҚазМұнайГаз» (40%), «СИБУР» (30%) және «Sinopec» (30%).

Сондай-ақ, кездесу барысында полипропилен өндіретін KPI зауытының жұмыс нәтижелері қаралды.

KPI кешенінің іске қосылуы отандық дайын полимер өнімдерін өндірушілердің импортқа тәуелділігін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Бұрын нарық толығымен дерлік шетелдік өнімнен тәуелді болып келді, олардың жекелеген маркалар бойынша үлесі 95%-ға дейін жетті.

Биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстан нарығындағы отандық полипропиленнің үлесі 80%-ға жетті. Бұл ретте, KPI үлесі 30%-ға артып, 50%-дан асты. Сондай-ақ, кешеннің іске қосылуы әртүрлі салада дайын өнім өндірісінің дамуын ынталандырды: 2024 жылдың қорытындысы бойынша полипропиленді өңдеу көрсеткіші 6% өсім көрсетуі мүмкін, бұл еліміз үшін рекордтық көрсеткіш болмақ.

Сондай-ақ осы жылы кешен дайын полимер өнімдерін өндірушілерге арнайы коммерциялық шарттар ұсынатын «Форсаж» отандық өңдеушілерді қолдау бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама қолданыстағы өндірістерді дамытуға және жаңа өндірістерді салуға, полимерлер қолданысын көбейтуге, импортты алмастыруға және қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.

19 шілде, 10:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.