Биыл Мемлекеттік кірістер басқармасына соттан тыс банкроттық мәселесіне қатысты 3 346 өтініш түсті. Оның ішінде 350 адам банкрот болып жарияланды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас маманы Шұға Джаншаева баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы Заң үш түрлі рәсімді қарастырады. Олар: соттан тыс және сот банкроттығы, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұлардың ішіндегі сұранысы көп - соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
Былтыр наурыздан бастап қарызы бар азаматтардан жеке тұлғалардың банкроттығына байланысты арыз қабылдана бастады. Бүгінде қолданыстағы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
Ш.Джаншаеваның айтуынша, қарызы 1600 АЕК немесе 5 млн теңгеден асқан азаматтар сот банкроттығын қолдана алады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.
-Заң жобасында банкроттықтан кейін азамат 5 жыл бойы қарыз, несие рәсімдей алмайды. Сонымен қатар 3 жыл қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады және 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығына ие. Айта кететін тағы бір жайт - 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған. Олар үшін мүліктің болуын тексеру және қарыз сомасына шектеулер белгіленбейді, - деді Ш.Джаншаева.
Анытама үшін: азаматтар өтініштерді халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ e-Salyq Azamat немесе eGov мобильді қосымшасы арқылы бере алады.