Бұған дейін «Ақ Жайық» газетінің редакциясы бұрын-соңды болмаған оқиғаны жазған еді: Индер ауданы Бөдене ауылының жұртшылығы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмысынан босатылған өз әкімдері Болат ИСАНЫ қорғап шыққан болатын. Оқиғаның әрі қарай қалай өрбігені тілшінің мақаласында.
21 шілде күні жаңа әкім сайлауы өтпекші. Осы сайлау қарсаңында экс әкім Б. Иса бұл сайлауға қарсылығын білдіріп видеоүндеу жолдаған болатын.
Еске салсақ, әкім жұмысынан босауына Жайық жағасындағы елу жыл болған, ескі су тазарту қондырғысын бұзып, тазартуды орындамағаны, бөлінген қаржыны жұмыс толық бітпей мердігердің есепшотына аударуы себеп болған еді. О баста смета жасалғанда 2 млн 500 мың теңгеге бағаланған.
Бірақ оған айналғанда аудан бюджетінен 890 мың бөлініп, конкурс кезінде мердігер ЖК «Ғабдоллин» 618 мың теңгеге түсіріп ұтып алды. Бірнеше жылдан иесіз қалған қондырғыдағы түрлі қоқыс қалдықтарын шығару, бұзу жүрген. Бірақ бетондалған қондырғыны түгел бұзбай, бөлінген қаржыны мердігердің есепшотына аударып жібергені прокуратураның назарына ілігіп, айналғанда округ әкімі жұмысынан босайды. Оны Бөдене ауылында өткен жиналыста аудан әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ хабарламасында айтқан болатын. Бірақ жиналысқа қатысқан көпшілік ауыл әкімінің жұмыстан босауына қарсылық білдіріп қолдаған болатын.
2024 жылдың 12 маусымында экс-әкім Б. Иса аудан әкімі Д. Шамұратовқа арыз түсіріп, қайта қызметіне тағайындау үшін үш күн күтетінін, болмаса сотқа жүгінетінін жазбаша жолдайды.
- Бұдан бірақ ештеңе жоқ. Айналғанда мен моральдық соққы көріп отырмын, халық маған сенім білдіріп сайлап қойып еді ғой. Енді тағы сайлау өткізбекші. Мен сотқа жүгінетінімді алдын-ала ескертіп, сотқа талап арыз түсіріп отырмын. Оның қашан қаралатынын білмеймін. Неге соттың шешімін күтпей ауыл әкімін қалай сайлайды. Егер мен сотта жеңіп шықсам қалай болады, - дейді Б. Иса.
Осы мақала сайтта жарияланған соң сәлден соң тілшіге Бөдене ауылының тұрғыны Мира ҚАМИЕВА хабарласты. Зейнеткердің айтуынша, экс-әкімін қайтару жөнінде ауыл чатындағы белсенділігі үшін оған учаскелік инспектор келген. «Учаскелік полиция келіп, аудандық ІІБ-не баруымды айтты. Мен барған жоқпын, неге бұлайша қоқан-лоқы көрсетеді. Әділеттілік қайда? Мен бұрынғы әкімнің қалуын қалаймын. Бұл сайлауға қарсымын».
«АЖ» учаскелік полиция қызметкерінің барғанын Индер ауданы АПБ бастығының міндетін атқарушы Ерғанат ТЕМІРХАНОВТЫҢ нақтылады. Ол полицейдің М.Қамиеваның үйіне барғанын жоққа шығарды. Алайда, зейнеткер учаскелік полиция қызметкерімен сөйлескенінің дәлелі – оның аудандық бөлімге баруын талап еткені түсірілген бейнежазбаны ұсынды.
Ал, сайлау күні белгілі. Бөдене ауылы әкімінің сайлауына төрт канидидатура түсіп, кейін біреуі өз өтініші бойынша шығып қалған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА