Атырау облысында сәйкестендіру белгісі жоқ қызметтік полиция қызметтік көліктерімен жолдарды патрульдеу сынақтан сәтті өтті. Ішкі істер министрлігі осындай тәжірибені еліміздің барлық өңірлерінде сынақтан өткізбекші. Бұл туралы жол қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының (ВАЖТ) кезекті отырысында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбеков мәлімдеді.
Қайсар Сұлтанбеков жол қозғалысы қауіпсіздігінің жай-күйіне жолдарда жүргізушілердің де, жаяу жүргіншілердің де жол тәртібінің төмендігі, сондай-ақ жол инфрақұрылымының жағдайы сияқты теріс факторлар әлі де әсер ететіні туралы хабарлады.
ЖКО санын қысқарту және салдарының ауырлығын төмендету мақсатында оларға ЖКО себептерін жою, республикалық трассалар мен жергілікті автожолдарда қауіпсіз жол инфрақұрылымын құру жөнінде бірқатар шаралар ұсынылды.
Атап айтқанда, уәкілетті органдармен бірлесіп автожолдарды тексеру, жол қозғалысын ұйымдастыруды өзгерту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, реконструкциялау және жөндеу жүргізіліп жатқан барлық жолдарда дайын учаскелерді ашу бойынша жұмысты жедел жүргізу, түнгі уақытта трассаларда аварияларды азайту үшін инновациялық «жарық беретін» жол белгісін пайдаланудың шетелдік тәжірибесін қолдану мәселесін пысықтау, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту бағдарламасын қабылдау болды.
Сондай-ақ, отырыс барысында Атырау облысының тәжірибесі қаралды, онда қала сыртындағы трассаларды бұзушылықтарды заманауи фотобейнетіркеу жүйелерімен жабдықталған сәйкестендіру белгілері жоқ полицияның қызметтік автомашиналармен патрульдеу жұмысы сәтті сынақтан өтті. Осындай құқық бұзушылықтар туралы ақпарат автоматты түрде БП ҚСжАЕК ӘІБТ-нің Процессинг орталығына жіберіледі, ал құқықбұзушыға айыппұл туралы хабарлама келеді.
ІІМ-ге еліміздің барлық өңірлерінде осындай тәжірибені сынақтан өткізу, сондай-ақ ҚСжАЕК-пен бірлесіп, жолдардағы бұзушылықтардың алдын алу және ЖКО схемаларын жасау кезінде «дрондарды» қолдану мүмкіндігі туралы IT-компания ұсынған техникалық шешімді зерделеу ұсынылды.
Сондай ақ, көлік министрлігі таксилердің «Яндекс» және «Индрайв» ірі агрегаторларымен ынтымақтастық туралы меморандум жасады, оның аясында еңбек және демалыс режимін, такси жүргізушілерінің денсаулық жағдайын, сондай-ақ автомобильдің техникалық жай-күйін бақылау жүзеге асырылатын болады. Трассалық медициналық-құтқару пункттерін орналастыру және қайта орналастыру бойынша орындарды белгілеу әдістемесі әзірленді, оған сәйкес ЖКО орындары мен жолдардың авариялық-қауіпті учаскелері Комитеттің апаттылық картасында бейнеленген.