Бангладеш мемлекеттік қызметке квота жүйесіне қарсы наразылық шеруіне шыққан 6 адам қаза тапқаннан кейін мектептер мен университеттерді белгілі бір мерзімге жабуды бұйырды. Бұл туралы KAZINFORM Dawn басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Сейсенбі күні жағдай шиеленісіп, наразылық білдірушілер мен үкіметті жақтайтын студенттер бір-біріне кірпіш және бамбук таяқтарымен шабуыл жасады. Ал, полиция митингке шыққандарға көзден жас ағызатын газ және резеңке оқ қолданды.
Демонстранттар премьер-министр Шейх Хасина мен Жоғарғы соттың сабаққа қайта оралу туралы үндеулерін елемеді.
Аурухана директоры Мохаммад Таслимуддин Читтагонгта 3 адам қайтыс болғанын және олардан оқ жарақатының белгілері табылғанын, порт қаласындағы қақтығыстар кезінде тағы 35 адам жараланғанын айтты.
Даккада тағы 2 адам қаза тапты. Онда студенттік топтар бір-біріне кірпіш лақтырып, бірнеше көшенің жолын жауып тастап, 20 миллион адам тұратын мегаполистегі көлік қозғалысына кедергі келтірді.
Осы айда наразылық білдірушілер белгілі бір топтар үшін мемлекеттік жұмыс орындарының жартысынан көбін сақтайтын квота жүйесін тоқтатуды талап етті.