Атырау, 23 қараша 22:55
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Облыстық спорт басқармасы басшысының ісі: Антикор неліктен журналистің қарапайым сұрағына жауап бермеді

1 235 просмотра

Облыстық спорт басқармасының басшысы Дастанбек ҚОСПАНОВТЫҢ пара алу туралы ісі әлі сотқа жеткен жоқ. Бұл облыстық сотта расталды. Бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаментіне сауалдар жолдаған болатынбыз. Бірақ бұл іске қатысты білгіміз келген сұрақтарға жауап ала алмадық.

Бізді тергеу аяқталды ма, әлде жабылды ма; қазір жағдай қалай, Қоспанов қазір қайда; оған қатысты қандай бұлтартпау шарасы қолданылды және іс қай сатыда... деген сұрақ қызықтырған болатын. Бірақ «АЖ»-ға ҚР ҚПК-нің 201-бабына сілтеме жасай отырып, сырғытпа жауап қана берді. Тіпті ең зиянсыз: «Іс сотқа жіберілді ме?» деген сұраққа сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері бойынша ақпаратты жария етпеуді реттейтін ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сілтеме жасап, жауап бермеді.

Дегенмен жауаптан сотқа дейінгі тергеп-тексерудің әлі жүріп жатқаны, істің жабылмағаны белгілі болды. 

Еске салсақ, осы жылы ақпан айының соңында Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дастанбек Қоспановтың қарамағындағы мекемеден спортшыларға арналған оқу-жаттығу жиындарына бөлінген қаражаттан 1,2 миллион теңге пара алған жерінен ұсталғаны белгілі болған еді.

Осы жылдың 6 наурызында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте өткен брифингте аталған факті бойынша Дастанбек Қоспановтың күдікке ілінгенін және параның көлемі туралы ақпаратты агенттіктің ресми өкілі Арман ТІЛЕУКЕНОВ растады. Сондай-ақ ол 6 наурызда өткен брифингте Қоспановқа қатысты қылмыстық істің тергеліп жатқанын хабарлады. Содан бері төрт ай өтті.

Бұған дейін әлеуметтік желіде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дастанбек ҚОСАПАНОВТЫҢ ұсталғаны туралы ақпарат пайда болған еді. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша пара алды деген күдікке ілінді. Сонымен қатар, оның жұмыс орнында ұсталғаны, шенеуніктің «Олимпиадалық резерв даярлау орталығының» жаттықтырушылары МАЙЛАШЕВ пен ЖҰМАБАЕВТАН бюджет қаражаты есебінен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырғаны үшін 400 мың және 1 миллион 700 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінгені хабарланды.

Сол кезде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінен түсінік беруді сұраған едік. Бірақ бізге ақыры жауап бермеді және бұл іс бойынша ештеңе растамады.

Дастанбек Қоспанов облыстық спорт басқармасының басшысы болып былтыр шілде айында тағайындалған болатын.

Ол Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-ді экономист-қаржыгер мамандығы бойынша, сондай-ақ Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірген. 2004-2005 жж. «Қазпошта» АҚ облыстық филиалында түрлі қызметтер атқарды, 2007-2008 жж. – Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы, 2008-2016 жж. Атырау облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасында түрлі лауазым, 2017-2019 жж. – «Атырау қаласының №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КМК директорының орынбасары, 2019 жылдан бастап осы тағайындауға дейін «Олимпиада резервтерін даярлау орталығы» ҚМК директоры қызметін атқарды.

Атырау облысы әкімінің өкімімен Дастанбек Қоспанов дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев таныстырды. 

Облыстық спорт басқармасының ресми парақшасында басшысы Қоспанов деп жазылған. Қазір оның міндетін Нұржауған ТӨЛЕУОВА атқарып отыр. Қоспановтың жұмыс орнын (лауазымын) сақтау туралы нақтылаушы сауалымызға облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жауап бермеді. Біз: «ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш берді ме, әлде қандай бұйрықпен жұмыстан босатылды немесе Атырау облысы әкімдігі штатында әлі тұр ма?» деген сауал қойған едік. Бұл жауап беру үшін әлдебір деректерді талдау жасау үшін уақыт қажет етпейтін қарапайым сұрақ қана.

Айнұр САПАРОВА

17 шілде, 12:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.