Атырау, 23 қараша 22:41
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Су тасқынына арналған миллиард

1 029 просмотра

Атырау облысының Махамбет және Индер аудандары су тасқынынан қорғауға бөлінген қаржыны қалай игергенін «AЖ» тілшісі анықтаған еді.

Махамбет ауданы

Көктемгі су тасқынын алдын алу, бөгеттерді қалпына келтіру, дайындық барысын жүргізуге 1 млрд 295 млн теңге қаралған болатын. 1 шілдеге дейін 1 млрд теңгеден астамы, яғни  80,7 пайызы игерілген.

Бұл қаржыны 25 сәуір мен 31 мамыр аралығында «Құлсары МПСС» ЖШС 24 млн теңгеге Талдыкөл ауылының бөгеттерін бекіту, «Казмунайсаплай» ЖШС 34 млн теңгеге Махамбет ауылына 4,6 шақырымға қорғаныс бөгеттерін орнатуға жұмсаған,

634 әскер мен 229 ТЖМ қызметкеріне 3 мезгіл ыстық тамақпен және арнайы техника жүргізушілерін ауыз сумен қамтуға 163 млн 201 мың, жұмылдырылған арнайы техникаларды және әскери техникаларды жанар, жағармаймен қамтуға 213 млн 428 мың, арнайы техникалармен және операторларымен көмекке келген «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы АҚ қызметкерлеріне жататын орын жалдауға 5 млн 400 мың, 8 сәуір мен 7 маусым аралығында ауылдық елді мекендерде жаға бекіту жұмыстарына тартылған арнайы техникаларды жалдауға 350 млн  568 мың, қапшық және қажетті құрал-жабдық алуға 146 млн 192 мың теңге жұмсалған. 

Аудандық әкімшілік бұдан бөлек бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің осы жылғы 4 сәуірдегі №3 қаулысына сәйкес халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында сумен қамту жүйелерін зарарсыздандыру құралдарын (70 тонна коагулянт) алуға  105 млн, санитариялық-профилактикалық және дезинфекция  жұмысына 66 млн 117 мың теңге, Махамбет ауылдық округі теңгеріміндегі №1 су тазарту қондырғысындағы фильтрін тазалау, көпқұрамды қоспаларды сатып алуға 32 млн, ал №2 су тазарту қондырғысына модульді қондырғы сатып алуға 122 млн 635 мың теңге бөлініп игерілген. 

«Жалпы Жайық өзені жағасында 17 елді мекен орналасқан. Барлық бөгеттің ұзындығы 105,8 шақырымды құрайды. Ал жаңадан соғылғаны 25,8 шақырым. Ауданға қарасты барлық елді мекендердегі ерікті тұрғындар, әскерилер мен ТЖМ қызметкерлерінің күшімен 1 млн 484 мың теңге қапшық қапталды, - дейді аудан әкімі Қайрат НҰРЛЫБАЕВ. - Ауданда қауіпті аймаққа Талдыкөл, Бейбарыс, Сарайшық ауылдары жатып, эвакуация жүргізіліп, қалай еткенде ауылдарды тасқын судан аман сақтап қалдық. Осы ауылдар мен Атырау қаласын аман сақтап қалу үшін «Атырау-Индер», «Атырау-Орал» тас жолдарын бұзуға тура келді. Х.Ерғалиев ауылы арқылы балама жол ұсынылып, қаламен байланысты үзбеуге тырыстық. Өкінішке орай кейбір шаруашылықтардың үй жай, қора-қопсысы, егістік алқаптар су астында қалып қойды.     

Су тасқынына байланысты Махамбет ауданына гуманитарлық көмек ретінде 38,6 тонна азық-түлік, 25,3 тонна гигиеналық құрал келген.

Аудан әкімі Қ. Нұрлыбаевтың айтуынша барлық бөгеттерді заңдастыру, қауіпті саналған Сарайшық, Бейбарыс, Талдыкөл ауылдарында жаға бекіту жұмысының жоспарлары жасақталып жатыр екен.

Индер ауданы

Аудан бойынша 9 елді мекенде су тасқынына дейін 17 850 метр қорғаныс бөгеттердің шөгілген, ескірген орны болған. Ол Индербор кенті, Жарсуат, Құрылыс, Көктоғай, Есбол, Өрлік ауылдарына тән еді. Осы бөгеттерді қалыпқа келтіру және қосымша 16860 метр бөгет жасалып, жалпы ұзындығы 34 510 метрге ұзартылған болатын. Осы жұмыстарды атқару, яғни бөгетті тұрғызуға 208 млн 602 мың теңге жұмсалған. Бөгеттің әр шақырымына орташа есеппен млн теңге жұмсалған. Ол қапшық сатып алу, жанар-жағармай, целлофан алуға бөлінген еді. Жағалауды бекіту жұмыстарына мыңдаған адам еңбек етіп, жүздеген техника тартылды.

- Ауданда қауіпті аймаққа Жарсуат пен Құрылыс ауылдары жатқызылған болатын. Алайда су деңгейі 1-1,5 метр көтерілгенде Индербор кенті, Елтай, Есбол ауылдарына қауіп төндірумен болды. Кезекшілік күні-түні жұмыс жасады. Айта кетуіміз керек, ауылдарды түгел тасқын судан қорғап қалдық. Бұл жерде еріктілер, әскерилер, ТЖМ  қызметкерлерінің күшімен аман сақталды, - дейді аудан әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ. - Болашақта әлсіздеу бөгеттерді биіктетіп, нығайту жұмыстары жүргізіледі. Ауданда эвакуация болған жоқ, Атырау облыстық жедел штабтан 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек келді. Бұл 300-ден астам әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылды. Ауылдармен кентті байланыстырып тұратын 7 км жолды қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынып отыр. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

17 шілде, 15:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.