Елімізде балалардың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру үшін ұйымдастырылған бірінші сыныпқа баратын балаларға “Балақайлар мектебі” мектепалды даярлық бағдарламасы әзірленді.
Ол мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді, балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының барлық бағыттары бойынша мектепке алдын ала дайындауға мүмкіндік береді.
Бағдарлама бойынша оқыту бір айға созылады. Сабақтар күн сайын 30 минуттан 10 минуттық үзіліспен өткізіледі. Балаларға білікті бастауыш сынып мұғалімдері немесе мектепалды сынып мұғалімдері сабақ береді.
Айта кету керек, қысқа мерзімді дайындық процесі балалардың мектепке бейімделуін жеңілдетеді, сондай-ақ педагогтердің болашақ оқушыларымен жақынырақ танысуына көмектеседі.
- Бағдарлама аясында Атырау облысының білім беру ұйымдарында 3879 баланы қамтитын 200 топ ашылып, 29 шілде - 23 тамыз аралығында жұмыс жасайды, - деп хабарлайды Атырау облысы білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира ТҰҢҒАТАРОВА.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА