Исатай ауданы Аққыстау ауылында ауылішілік жолды қайта жаңғырту жұмыстарының 3 жылдан бері жүзеге аспауы тұрғындар ренішін туғызып отыр.
- Атырау көшесінің жолы жасалады дегенде қатты қуанғанбыз. Алайда ол қуанышымыз су сепкендей басылып қалды. Себебі, үш жылдан бері құрылыс тоқтап, жол жасалған жоқ. Аққыстауда лайсаң күндері қиын, аяғымыздан резіңке етік түспей, таксилер бұл жаққа аяғын аттап баспайды. "Жедел жәрдем" көлігінің келуі де екіталай. Осы жолды жасауды неге әкімшілік талап етпейді? - дейді ашынған тұрғындар.
2021 жылы Аққыстау ауылындағы ауылішілік жолдарды қалыпқа келтіруге 1 млрд 472 млн теңге қаржы қаралды. Бұған ауылдың 16,2 км жолын жаңғырту жоспарланған еді. 2022 жылы 15 шілдеде жұмыс толық аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс болатын. Алайда мердігер жұмысты уақытында бітірген жоқ.
- Аталған жоба бойынша Атырау көшесіне 642, 44 шаршы метр қатқыл табанды жол салу жобаға енгізілген болатын. Бірақ мердігер "Информстройсервис" ЖШС бұл жұмысты бітірмеді. 2023 жылдың 19 шілде айында облыстық ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріліп, нәтижесінде 12 млн 830 мың теңге тұрақсыздық айыбы өндірілді, - дейді Исатай ауданы әкімі Нұрым МУСИН.
Бұдан кейін тапсырысшы мен мердігер арасында бірнеше рет сот процесі өтті. Тапсырысшының жасалмаған жұмыстың қаржысын кері қайтару, мердігерді жосықсыз деп тану жөніндегі талап арызы ішінара қанағаттандырылды. 2024 жылдың 19 наурызында мердігерден 207 млн теңге өндіруге шешім қабылданған болатын. Бірақ бұған келіспеген мердігер кері сотқа арыз түсіреді. Алайда мердігердің бұл талап арызы қанағаттандырылмады. Ақыры соттың шешімімен "Информстройсервиз" ЖШС-мен жасалған келісімшарт біржақты бұзылды. Бүгінде аталған жобаға техникалық сараптама жүргізіліп, сараптама негізінде жобаға түзету енгізу жұмыстары жүріп жатыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА