Экология департаменті мен «Қазгидромет» РМК филиалының мамандары Атырау қаласындағы жағымсыз иістің қайдан шыққанын анықтауға тырысып жатыр. Олар бірнеше қауіпті нүктеден ауа сынамасын алады, деп хабарлайды Zakon.kz.
10 шілдедегі таң атыраулықтардың мазасын алды. Олар танауды керіп бара жатқан өткір иістен оянған. Иіс қаланың әр жерінен шыққан. Бұл қала тұрғындары үшін айтарлықтай жаңалық емес, әрине, олар сырттағы белгісіз «хош иістен» оянуға үйренген, бірақ бүгінгі иіс ерекше сезілді. Бұл туралы қала тұрғындары таңертеңнен бері әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр.
«Қазгидромет» РМК Атырау филиалы шынымен де 10 шілде күні сағат 06:40-тан 07:40-қа дейін ауаның ластануы бойынша жоғары көрсеткіш тіркелгенін растады. «Қазір біз барлық станцияларды қарап жатырмыз, нәтижесі қосымша хабарланады», - деді мекеме мамандары.
Сасық иістің қайдан шыққанын табу үшін экология департаментінің мамандары да қосылды. Олар желдің бағытына назар аудара отырып, атмосфералық ауаның сапасын бақылауға алады.