Гидра аралындағы орман өртінен соң, қазақстандық қалталылардың Алматыға тайып тұруына грек билігі қалайша жол берді. Бұл сұраққа бүгін Грекия полициясы жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy iEidiseis басылымына сілтеме жасай отырып.
Пирей полициясы өрт сөндіру бригадасы мен жағалау күзетінің өрт болған күнгі қызметіне тергеу жүргізген, қорытындысы бойынша олардың бірнеше қателікке жол бергені анықталды.
Жағалау күзетінің қызметкері бастығынан «яхтаны жібере салыңдар» деген бұйрық келгенін айтқан. Ал өртке қарсы күрес басқармасының қызметкері қайықтағы жолаушылармен байланысып, олардың өртке қатысы бар жоғын сұраған. Жолаушылардың «жоқ» деген жауабын естіген соң жөніне қоя берген.
«Сол адамдар Қазақстанға ұшақпен ұшатын болған соң, олардан ауызша жауап алынды. Мен олардан және экипаж мүшелерінен «бенгаль шырақтарын жақтыңыздар ма» деп сұрағанымда олар пайдаланбағанын айтты. Сонымен қатар, олар түтіннің иісін сезіп, өртті байқаған кезде яхтаның ішкі салонында футболдан Еуропа чемпионатының матчын көріп жатқанын мәлімдеді. «Қайықта отшашу шашып, қандай да бір ойын-сауық шарасы ұйымдастырылды ма» деген сұраққа да олар «жоқ» деп жауап берді», - деп түсінік берген өрт болған күні қазақтарды жібере салған офицерлердің бірі.
Басылымның жазуынша, біріншіден, қазақтардан ауызша жауап ала салғаннан басқа тергеу амалдары жүргізілмеген, екіншіден олардың куәгер ретінде куәлік беруінен бұрын «рейстен кешіктік» деп айтқан сылтауы қазақтарды босата салуға себеп болған. Сондай-ақ мобильді телефондары да жете тексерілмеген.
Еске салайық, Гидра аралындағы 300 мың шаршы метр жерді шарпыған орман өртінен кейін Грекияның прокуратурасы 8 қазақстандыққа айып таққан болатын, бірақ олардың Алматыға кетіп қалғанына байланысты, тергеп үлгірмеген. Грекия Қазақстан билігінен тергеуге көмектесуді сұрады.
Бұған дейін, Грекияда орман өртіне қатысы барлардың арасында олигарх Данияр Абылғазин мен оның әйелі Айдан Сүлейменованың және басқа да лауазымды тұлғалардың болғанын жазған болатынбыз.