Қырғызстанның арнайы қызметтері елдегі билікті күшпен басып алу әрекетінің алдын алды, деп хабарлады журналистерге республиканың ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз қызметі. Бұл туралы Sputnik РИА Новости басылымына сілтеме жасап хабарлады.
"Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және конституциялық құрылымның негіздерін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар шеңберінде деструктивті топтың заңбұзушылық әрекеттері тоқтатылды. Олар билікті күштеп басып алуды жүзеге асыру және азаматтардың өлімімен байланысты жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру арқылы елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруды жоспарлаған", - делінген хабарламада.
Бұл топтың қылмыстық идеологияны қолдайтыны, сондай-ақ діни идеологияны фанатикалық түрде ұстанатын адамдардан құрылғаны айтылды. Жүргізілген тергеу-жедел іс-шаралардың нәтижелері бойынша Қырғызстанның төрт азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Ұсталғандардың тұрғылықты жеріне және автокөліктеріне тінту барысында қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларға арналған компоненттер, атыс қаруы, оқ-дәрілер, рациялар, сауыт-саймандар, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің киім-кешектері, дрондар, экстремистік әдебиеттер, сондай-ақ басқа да тыйым салынған заттар табылып, тәркіленді", - деп нақтылады мемлекеттік комитет.
Ведомство қазіргі уақытта ары қарай тергеу-жедел іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтты. Кейінірек қосымша ақпарат беруге уәде берді.