Атырау, 24 қараша 01:54
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​«Дина» базарында көз жұмған марқұмның ауылдастары Қазақстан президентіне жүгінді

1 117 просмотра

29 маусымда «Дина» базарында кісі қолынан қаза болған Сағынғалиевтың туыстары мен жалпы Қызылқоға ауданының тұрғындары қаскөйге әділ жаза тағайындалуын талап етіп, президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ атына Үндеу жолдаған болатын.

Еске салсақ, 5 маусым күні Қызылқоға ауданы Қарабау ауылының тумасы, 56 жастағы Амандық САҒЫНҒАЛИЕВ Атыраудағы «Дина» базарына зат алуға келеді. «Газель» көлігін қою кезінде «Мерседес» көлігінің (иесі Мұхтар АХМЕДОВ) есігін сырып кеткен. Сол кезде Ахмедов жәбірленушіні ұрып соғып, салдарынан ол алған дене жарақаттарынан облыстық ауруханада ес жимастан қайтыс болған.

Ауыл адамдарының айтуынша, Амандық Сағынғалиев ерекше жаратылған адам. Ол үнемі қамқорлық танытып, адамдарды автобуспен тегін тасып, мұқтаж жандарға азық-түлікпен көмектесіп тұрған. Ел арасында сыйлы, адамгершілігі зор, қылдай қиянаты жоқ жан деп бағалауда.  Ол туралы ұлы Нартай АМАНДЫҚҰЛЫ былай деп толықтырады:

- Әкем 1968 жылы Қарабау ауылында дүниеге келген. Төрт жасында анасы қайтыс болып, тумаластарының (он ағайынды) аяққа тұрып кетуіне септігін тигізіп, қамқорлық танытыпты. Балалық шағында көп қиыншылық көріп ерте есейген әкем Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге барып келіп, бірнеше жыл совхозда еңбек етеді. 1992 жылы анам Фаридамен отбасын құрып, дүниеге келген үш ұл мен бір қыздың әкесі атанды. 1998 жылы Кеңес үкіметі тарап, ел абдырап жатқанда еңбекқор әкем жеке дүкен ашып, кәсіпкерліктің жолына түсіп, арасында Атыраумен ауыл арасындағы автобусты тізгіндеп, көштен қалмады. Үнемі ізденісте жүретін ол 2006 жылы шаруа қожалығын ашып, кәсіпкерлігін дамытады. Жалпы аудан халқы әкемді жақсы біледі, ол тумысынан ерекше еді, кішіге де, үлкенге де қамқор болу қанына сіңген. Әкем ұлдары мен қызына жақсы тәрбие берді, үлгілі отбасымыз. Осы жасына дейін әкем денсаулығына шағым жасап көрген емес, ауруханаға бірде-бір рет жатпаған. Айналып келгенде кісі қолынан қаза болуы отбасымыз емес, аудан халқын есеңгіретіп кетті. Дүйім жұртқа резонанс тудырған бұл оқиға әлемжеліде кең тарады, марқұм әкем қанша соққы көрсе де қарсыласына бірде-бір рет қарсылық танытпаған. Кісіге қылдай қиянат жасамайтын бұл қасиетін әлгі қаскөй керісінше ұққан-ау шамасы, бас-көзге қарамай ұра беріпті. Бес күн ес жимастан әкем ауруханада көз жұмды. Әкемнің бұл қазасы отбасына оңай тиіп жатқан жоқ.

Полиция күдіктіні қамауға алып, ҚР ҚК 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») 3-бөлігі бойынша іс көтеріп, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бірақ бұл ауылдастарының көңілін көншітіп отырған жоқ. Президентке, Бас прокуратура, ІІМ мен Жоғарғы сотқа Үндеу жолдаған бір топ адам әділ тергеліп, жазаға тартылуын талап етуде. 

- Жақын адамымыздан қапияда айрылып, қабырғамыз қайысып отыр. Қанышердің қатаң жазалануын талап етеміз. Бапты «Адам өлтіру» бабына қайта саралау керек. Бұл қоғамға қауіпті адам. Ол үлкен мерзімге немесе өмірбойына сотталуы керек, -дейді ауыл тұрғыны Мүслима ТІЛЕМГЕНОВА.

Осыдан кейін топ алдында Қарабау тұрғыны Ардақ НҰРМҰХАНОВ шығып, сөз сөйледі. Ол жүздеген ауыл тұрғындарының қолы қойылған үндеуді оқып берді.

- Видеода есінен танғанша соққыны жалғастырғанын көруге болады. Бұл қасақана кісі өлтіру.  Ал бұл ол кісінің жасаған бірінші қылмысы емес. Сондықтан іс кісі өлтіру бабымен қайта сараланып, тиісті әділ жазасын алса дейміз, - дейді марқұмның ұлы Н. Амандықұлы.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

4 шілде, 14:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.