Атырау, 24 қараша 01:38
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда жазасын өтеуші «Жыл оқырманы» атанды

883 просмотра

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті №15 мекемесі жанындағы кәсіптік колледждің кітапханасында жазасын өтеушілер арасында ұйымдастырылған «Жыл оқырманы 2024» шарасы қорытындыланды. 

Байқауға осы кәсіптік колледже тігінші, құрылыс, автослесарь, дәнекерлеуші мамандығы бойынша кәсіптік білім алып жүрген 10-нан аса студент қатысқан. 

- Студенттер кітапханадан жыл бойы оқыған кәсіпкерлік, рухани, мотивациялық бағыттағы кітаптарды, 100 бестселлер оқығаны жөнінде мағлұмат беріп, қазылар алқасының көзіне түсті. Соның ішінен жыл оқырманы-2024 таңдадық. Ол оқу жылы басталғаннан бастап бүгінге дейін 50-ге жуық кітап оқығанын сұрақтарға жауап беру арқылы дәлелдеді, дейді №15 мекеме жанындағы Атырау облыстық білім беру бөліміне қарасты колледждің кітапхана меңгерушісі Назгүл Сәлім.

 «Жыл оқырманы-2024» атағына колледждің автослесарь мамандығында оқып жатқан 45 жастағы Абдулмұрат есімді жазасын өтеуші ие болды.

 - Бостандықта жүргенімде дәнеркерлеуші мамандығын оқып, жеке кәсіпкерлікпен айналыстым. Мұнда колледжде автослесарь және автокөліктерге техникалық қызмет көрсету мамандығы бойынша білім алып жүрмін, жақында диплом аламын. Кітапхана жетекшісі, оқытушы Назгүл апайдың мотивациялық көмегімен кітап оқуға құлшынысым артты. Жыл басында кітап оқу байқауына қатысып, 50-ден астам кітап оқып, үздік оқырман атанып жатырмын, - дейді жазасын өтеуші студент.

Абдулмұрат Ақтөбе қаласынан келген. Балалары мен келіншегі сол жақта тұратынын, бостандыққа шыққаннан кейін алған мамандығы бойынша кәсіппен айналысқысы келетінін айтады.

- Ер жігіттің басына не түспейді. Осында 8 жылға жаза алдым. 5 жылын өтедім. Бұл жерде қоғамдық жұмыстарға атсалысып, бос уақытымды колледждің кітапханасында өткіземін. Колледж кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік Алаштан басталады» шарасында басты рөлде қатысып, марапатталдым. Көбіне экономикалық бағыттағы кітаптарды оқимын, - дейді Абдулмұрат.

Кітапхана жетекшісі Н.Сәлімнің айтуынша, колледждегі студенттер арасында кітапханада мұндай сайыс жыл сайын өткізіліп тұрады.

- Студенттер қыркүйек айынан бастап кітапхана қорын еркін пайдаланады. Мұнда көркем әдебиеттен бөлек, өздерінің оқып жатқан мамандықтарына қатысты кәсіптік кітаптар да бар. Осыдан 10 жыл бұрын 600 кітаптан тұрған кітапхана қоры қазір 5000-нан асады. Жыл сайын кем дегенде 300 – 400 жаңа кітап қорымен толығып отырады. Оның ішінде көркем әдебиет, рухани жаңғыру, техникалық мамандықтар бойынша оқу құралдары бар. Студенттер әсіресе мотивациялық бағыттағы, 100 бестселлер бағытындағы кітаптарды көп оқиды, кәсіпкерлік жөніндегі кітаптарға қызығады. 100 кітап оқимын деп мақсат қойып отырған жандар да бар. Олар тек бос уақытында ғана емес, көкейіндегі толғандырған сұрақтарға осы кітап арқылы жауап алады, - дейді Н.Сәлім.

Айта кетейік Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №15 мекемесі жанындағы кәсіптік колледж Атырау облыстық білім басқармасына қарайды. Жазасын өтеп шыққан соң колледждің берген дипломы бойынша жұмысқа орналаса алады. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

2 шілде, 15:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.