Атырау, 22 желтоқсан 18:46
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Оларға тек мұнай шығарса болғаны, адам маңызды емес»

1 135 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон ауылында ауыз су сапасының төмендеп кеткені жөнінде жергілікті тұрғындар екі ай бұрын дабыл қағып еді.

Осы мәселе «АЖ»-да жарияланғаннан кейін облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ мамырдың 15-інен маусымның 1-іне дейін төлемақыны 50 пайызға дейін төмендету жөнінде тапсырма берді.

Алайда тұрғындар су үшін төлемақының төмендеуін ғана емес, оның сапасының көтерілгенін де қалайды: ауыз судың сарғыштығы әлі жойылмай тұрған көрінеді... Дегенмен, адамдардың басқа амалы жоқ. Тиісті мекеменің судың түсіндегі өзгеріс "Қиғаш-Маңғышлақ" магистралды су құбырының кейбір құбырларын жаңартқанның салдарынан, кейін бәрі қалыпқа келеді деген мәлімдемесі тұрғындардың көңілін көншіпейді.

- Бір жарым айдан бері дым да өзгерген жоқ, әлі сары қалпы. Мұндай сап-сары суды қалай пайдаланамыз? Не ішуге, не болмаса кір жууға да жарамайды. Қашанғы дүкеннің суын сатып алып отырамыз, кейбірінің бұған мүмкіндігі де жете бермейді. Ең болмаса балаларды аясаңдаршы, мынадай сапасыз суды тұтынғаннан кейін олардың ішкі құрылысына зақым келмей ме?! Ауданның мүмкіндігі келмесе, облыс басшылары бір шарасын алмай ма? – дейді күйінген тұрғындар. 

Жергілікті тұрғындар тек әжетханаға ғана жарайтын лас судың бірнеше суреттерін жіберді. 

- Техникалық су Қиғаш өзенінен "Магистральдық суағызғысы" ЖШС арқылы тазаланып, "Жылыойсу" МКК-ның су айдау станциялары арқылы халыққа тарайды. Жалпы бес мың текше метрлік екі резервуарға бөлек жиналып алынады. Бірақ келген суда әлі өзгеріс бар, бізде су тазарту қондырғысы жоқ. Осы себептен таза су бере алмай отырмыз. Жалпы тәулігіне 11 мың текше метр су таратудамыз. Мекеменің экономикалық ахуалы да ақсап тұр, 700 млн теңгеден астам бережағымыз бар. "Магстральдық суағызғысы" ЖШС-іне 400 млн бережақ болсақ, ал облыстық экология департаменті салған 272 млн теңге айыппұлды өтей алмай отырмыз, - дейді "Жылыойсу" МКК директорының міндетін атқарушы Батыр ШӘКІРҰЛЫ- Жергілікті халық мұндай сапасыз суға төлем төлемейміз деп отыр. Бұл енді қалай шешіледі?  - Білмеймін, облыс басшылығы да хабардар.  Мұнайымен елге танымал Құлсарыда

Мұнай қорының бесігі, бүкіл еліміздің басты доноры саналатын Жылыой өңіріне не су тазарту қондырғысы, не лас суды тазартатын станция осы күнге дейін салынбаған. Стратегиялық маңызы бар аймақта тұратын халықты ауыз су сияқты ресурспен қамтамасыз етуді ойламаған мемлекеттің немқұрайлылық пен енжарлық танытуы таң қалдырады. «Оларға тек мұнай шығарса болды, адам маңызды емес», - дейді жылыойлықтар.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

28 маусым, 12:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.