Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлігі (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау) бойынша азаматша Ч.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотта анықталғандай, азаматша Ч. 2021 жылы Ресей Федерациясы азаматтығының төлқұжатын алғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде шетел азаматтығын алу фактісі туралы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне хабарламаған және Қазақстан Республикасы азаматының паспортын және (немесе) жеке куәлігін тапсырмаған.
Ч.-ның кінәсі сот отырысында зерттелген іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сауалнама хаттамасымен расталады.
Сот қаулысымен Ч. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 516 880 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.