Атырау, 24 қараша 02:20
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Индер ауданында қарақұрт қаптап кетті

1 530 просмотра

Аудан әкімшілігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қарақұрт 29 мамырдан бастап шығып, кейін көбейіп кеткен. Салдарынан 12 адам (оның төртеуі бала) зардап шеккен.

«Ақ Жайық» редакциясына берілген мәлімет бойынша, зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетілген, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда мал арасында  қарақұрттан өліп жатқандары бар. Әсіресе, Көктоғай, Есбол, Өрлік ауылдарында күрт көбейген. Биылдың өзінде 8 түйе, 9 жылқыны қарақұрт шағып, сеспей қатқан, ішінде 5 құлын бар. Жалпы қарақұрт шаққан малдарды жергілікті тұрғындар өздері ем-дом  жүргізіп, аман сақтап қалуға тырысуда. 

- Күннен-күнге көбейіп барады, балаларға уын шаша ма деп зәре жоқ. Биыл тасқын су көп келгендіктен бе, үй айналасы, аула-қорада өріп жүргені. Шөп арасында, тасалау жерде көп,-дейді ауыл адамдары мазасызданып.

Мамандар қарақұрт уы жыланнан 15 есе артық екенін айтады. Тіпті шаққан кезде денеге уын 10 минутта таратып үлгеретін көрінеді. 

Ал, жергілікті тұрғындар аймақ басшысынан жәрдем күтеді. Олардың айтуынша, бұл мәселе қазір қолға алынбаса, адам шығыны болуы мүмкін.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

27 маусым, 10:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.