Үкіметте өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат БОЗЫМБАЕВ Құлсары қаласын болашақта су тасқынынан қорғау жобасы және су тасқынына шаруа қожалықтарының бірінің кінәлі болу мүмкіндігі туралы мәлімдеді.
«Мен Құлсарыда бірнеше рет болдым, қаланы тікұшақпен бақылап отырдым. Құлсарыдағы тасқынға Мұғалжар тауынан бастау алатын Жем өзені себеп болғанын білесіздер. Былай кезде бұл тізеден аспайтын, кешіп өтуге болатын өте кішкентай өзен. Бірақ мен ол жаққа ұшқан кезде, ені үш-бес шақырым болды. Судың жылдам ағуы, соншалықты көп суды сіңіре алмаған қатқақ жер және үлкен қар жамылғысы су тасқынын тудырды. Жергілікті атқарушы органдардың жергілікті тұрғындармен бірлесіп салған бөгеттері қысымға төтеп бере алмады. Бәлкім, бөгеттер асығыс салынып, су шайып кеткен болар. Алайда қалаға жіберілген ауыр техниканың арқасында Құлсарыдағы үйлердің үштен бірі ғана су астында қалды.
...Менің білуімше, Атырау облысында тиісті компаниялар келісімге қол қойып, Құлсары қаласының төңірегінде су тасқыны мәселесін біржола шешетін қорғаныс бөгеттерінің жобасын дайындап жатыр», – деді Қ.Бозымбаев.
Журналистер әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан «су тасқынына өз қажеттіліктері үшін бөгетті бұзып, су басуға жол берген шаруа қожалықтарының бірі кінәлі ме?» деген сұрақты қойды
Қ.Бозымбаев бұл тақырыптың әлеуметтік желіде талқыланып жатқанынан хабардар болып шықты. Ол су тасқынына шаруашылықтың кінәлі болуы екіталай, өйткені ол ағыстың төменгі жағында және бөгеттен алыс жерде орналасқанын түсіндірді. Дегенмен, оның айтуынша, күзге қарай тергеу қорытындысы дайын болып, «шаруа қожалығының ісіне тиісті органдар, соның ішінде құқық қорғау органдары өз бағасын береді».
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА