Ауыл оқушыларының ынтасын арттырып, білім алуына оңтайлы жағдай жасауға арналған «IQanat 2024» олимпиадасы қорытындыланды. Олимпиадаға елімізден 1000 бала, оның ішінде Атырау облысынан 33 бала қатысты.
- Олимпиада нәтижесінде облыс абыройын қорғаған 3 оқушы, индерлік Нұрсұлтан Багитжан, жылыойлық Мәдина Мақсотқызы мен Мүбәрәк Құнанбайға iQanat мектебіне оқуға грант жеңіп алса, тағы 3 оқушы IQ Advance жоғары оқу орындарына арнайы тереңдетілген дайындық бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Олардың қатарында Аружан Аязбай (Индер ауданы), Ақарыс Серікқали (Исатай ауданы) мен Гүлжайна Серікқызы (Исатай ауданы) бар, - деп хабарлады Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова.
Айта кетейік, Iqanat білім беру қоры ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жыл сайын 50 мыңға жуық сегізінші сынып оқушысын қамтитын "IQanat" республикалық олимпиадасын өткізеді. "IQanat" олимпиадасы республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының (ғылыми жарыстар) тізбесіне енгізілген.
Олимпиаданың көмегімен Қор Қазақстан және әлем университеттеріне грантқа түсуге үш жылдық тегін дайындық үшін ауыл оқушыларын іріктейді. Осы бағдарлама аясында ауыл мектептерінің оқушылары рейтингтік жоғары оқу орындарына: Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago және т. б. грантқа түсті.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ