Қызылқоға ауданында су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүріп жатқанын «Ақ Жайық» газетінің тілшісі анықтаған еді.
Қызылқоға ауданында су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияға 70 өтініш түскен, ал комиссия қорытындысы бойынша ауданның 58 шаруа қожалығы мен жеке тұлғаларына бюджеттен және өзге бюджеттен барлығы 61 772 062 теңге өтемақы төленеді.
Өтемақы алынатына мал саны - 191 бас. Атап айтсақ: МІҚ - 105, жылқы - 45, қой-ешкі - 40, түйе -1.
Жалпы ауданда су тасқынынан зардап шекке 31 тұрғын үй иелерінен өтініш келіп түсті. Оның ішінде 7 тұрғын үй құжаттарының жоқ болуына байланысты кері қайтарылып, 24 өтініш қанағаттандырылды.
Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың тікелей бақылауымен тасқын зардабын қалпына келтіру бойынша нақты жұмыстар жүргізілді. Тасқыннан зардап шеккен үйлерді бағалап, тұрғындардың шығындарын анықтау мақсатында арнайы жұмысшы тобының қорытындысына сәйкес алты тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіліп, 18 тұрғын үй апаттық деп танылды. Тұрғындар өтінішіне сәйкес төрт тұрғынға үй салып беру жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі таңда жер телімін бөлу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Қоныстану ауылынан үш үй, Миялы ауылынан бір үй. Өзге тұрғындарға бағалау нәтижесіне сай қаржылары беріледі.
Жолдарды қалпына келтіру
Қызылқоға ауданы бойынша «Индер-Қарабау-Сағыз-Миялы» облыстық маңызы бар тасжолдың бүлінген жерлерін қалыпқа келтіру үшін сметалық құжат жасақталып, жұмыстар алдағы күндері басталады. Бүлінген жолдарға мал өтетін өткелдер мен метр жарымдық су өткізгіш құбырлар қарастырылған. Жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстарын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА