Жылу энергиясын жеке есептеу құралдарының (ЖЕҚ) иелеріне төлемдерді есептеуді реттейтін заңнамаға нормалар енгізілді.
Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына ЖЕҚ болған жағдайда жылу энергиясын тұтыну көлемін анықтау бөлігі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
«ЖЕҚ бар немесе жоқтығына байланысты төлемдерді есептеу Қағидалардың 279-тармағында қарастырылған, мұндағы ЖЕҚ бар тұтынушылар үшін жылу қажеттіліктері үшін тұтыну көлемі пәтердің есептеу кезеңінің соңындағы абоненттің ЖЕҚ көрсеткіштері мен есептеу кезеңінің басындағы абоненттің ЖЕҚ көрсеткіштерінің айырмашылығы ретінде анықталады», – делінген, атап айтқанда, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің (ТМРК) төрағасы Асан ДӘРБАЕВТЫҢ қолы қойылған «АЖ» сауалына жауапта.
Жаңа норма осы жылдың 2 мамырында Ұлттық экономика министрі Нұрлан БАЙБАЗАРОВТЫҢ (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары) бұйрығымен енгізілді. Бұйрық барлық қажетті келісу рәсімдерінен өтіп, заңды күшіне енді, яғни алдағы жылыту маусымында ЖЕҚ ресми түрде жұмыс істей бастайды.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың басында Атырау қаласының бір топ тұрғыны «АЖ»-ға хабарласты. Олар бұл қырсық шалған есептегіштерді пәтерлеріне орнатқанымен, ЖЕҚ иелеріне арналған заңнамада тарифтік саралаудың болмауына байланысты көрсеткіштер бойынша төлей алмаған. Оларға төлем шоттары үйдің ортақ есептегіш құралдарының көрсеткіштері бойынша келген.
Осыған орай, сол 2022 жылдың наурыз айында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жылу берушілерді ЖЕҚ иелерінен орташа тариф бойынша, яғни тұтынушылардың бірде-бір санатына таңбай, төлем есептеуді талап етіп, сотқа берді. Азаматтық іс соттан сотқа жолданып, ақырында департаменттің талаптары қанағаттандырусыз қалдырылды.Бірақ сот ісі әлі жалғасуда. Департамент басшысының м.а. Еркебұлан ТАҒАШОВ қазіргі уақытта апелляциялық рәсімдер жүріп жатқанын айтты.
Заңдағы олқылықты жою жұмыстарын ТМРК іс жүзінде осы сот ісімен қатар жүргізді. Аталған Қағидаға өзгерістер әзірленді, әрине, атыраулық ЖЕҚ иелеріне ғана емес. Бұл республикалық ауқымдағы мәселе болды, енді ол ойдағыдай шешілді деуге болады.
ТМРК жылу энергиясын реттеу басқармасының басшысы Рустам ҚҰНАНБАЕВТЫҢ айтуынша, ЖЕҚ орнатқан жеке тұлғалар үшін коммуналдық төлем шығындары төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар, мұндай есептегіштің болуы жылу энергиясын нақты тұтынудың дұрыс көрсеткіштерін алуға мүмкіндік береді. Олардың көмегімен тұтынушының жылу жүйесіндегі жылудың ықтимал жылыстауын оңай бақылай аласыз.
Лев ГУЗИКОВ